366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысы бойынша бірнеше млрд теңгенің салық қарызы кешірілді

  • 78
  • UPD: 10:29, 13.10.2018

Өткен жылдардың салықтық  амнистиясы қазақстандықтардың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға септігін тигізген еді.

Мемлекет тұрғындардың салықтан қордаланған қарыздарын кешірді. Тек Павлодар облысы бойынша бірнеше миллиард теңгенің  айыппұлы мен өсімақысы есептен шығарылған. Мемлекет басшысы Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында шағын және орта бизнес үшін амнистия өткізуді тапсыруы кәсіпкерге көмек дер едік.

Кезінде  көптеген павлодарлық кәсіпкерлер салық төлей алмай тығырыққа тірелген еді. Салықтық кеңесші Гүлжанат Ұзынжасова  осындай бизнес өкілдеріне   көмек көрсеткен.  Олардың біріне  салынған айыппұл  жарты миллионға жетіпті. Кейін салық амнистиясы жарияланып, кәсіпкер қордаланған қарызынан құтылады. 

Гүлжанат Ұзынжасова, салықтық кеңесші:

- 2014 жылы салықтың өсімақысын есептен шығару туралы заң шықты. Яғни қарыз толық жойылды. Бұл бизнес өкіліне бөлшек сауда саласындағы кәсібін одан  ары жалғастыруына мүмкіндік берді.

2014 жылғы салықтық  амнистия павлодарлықтардың қаржылық жағдайын айтарлықтай жеңілдетті. Айыппұл мен өсімақы төлеуден 60 мыңдай салық төлеуші босатылды. Мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сүйенсек есептен шығарылған қаржы көлемі бес миллиард теңгеден асқан.  

Бағлан Серікбаева, Павлодар қаласы бойынша  мемлекеттік кірістер басқармасының жетекшісі:

- Өсімақы мен айыппұл сомасы негізгі қарызға қарамастан есептен шығарылды. Енді негізгі қарызды міндетті түрде төлеу шарты арқылы  салық қарызына байланысты салынған айыппұл мен төлемақы есептен шығарылатын болады. 

Бұл жолғы амнистия шағын және орта бизнес сукбъектілеріне арналған. Павлодарда олардың саны 30 мыңнан асады. Қазір салық органдары салынған айыппұлдарды есептеу үстінде. Соңғы амнистиядан кейінгі төрт жылда Павлодардың салық төлеушілері  2 миллиард 447 миллион теңгенің әкімшілік жауапкершілігіне тартылған. Ал 2018 жылы қарызды өндіріп алу көрсеткіші 79 пайызға көтерілген. Соған қарамастан 440 миллион теңгенің қарызы өтелмепті. Салықтық  рақымшылық аталған қаржыны жабуға мүмкіндік беріп қана қоймай кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге де  ықпал етеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы