366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісудағы ауылдық дәрігерлік пунктіне жаңа жедел жәрдем көлігі берілді

  • 98
  • UPD: 17:33, 13.10.2018

Алдағы уақытта учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен 20 процентке артады.

Ауыл халқы мен ондағы дәрігерлер бұл бастаманы зор ықыласпен қарсы алды.

Талдықорған қаласының іргесіндегі Көксу ауданына қарасты Мәмбет ауылында үш мыңнан астам халық тұрады. Мұндағы дәрігерлік пунктте оларға 8 маман қызмет көрсетеді. Айгүл Кешуова осы медицина мекемесінде 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген. Дегенмен бала күннен бергі дәрігер боламын деген арманы оны бәрібір медицина саласына алып келді. Ол кейін Талдықорған медицина училищесінде оқып білім алды.

Айгүл Кешуова, Лабасы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға медбикесі:

- Ауылдағы медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтергені өте қуанарлық жағдай. Елбасымызға үлкен рақмет айтамыз! Цифрлық нұсқаға көшіп жатырмыз. Бұрын көп амбулаториялық қағаз толтыратын едік. Қазір бәрі компьютермен. Тұрғындарға электрондық паспорт ашылып жатыр.

Мұқатай Бейсеқұлов, Мәмбет ауылының тұрғыны:

- Президенттің жолдауын 2-3 рет тыңдадым. Әрине, онда медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру деген өте орынды. Мен оны қолдаймын.

Жергілікті тұрғындардың Мәмбет ауылдық дәрігерлік пунктіндегі медицина қызметкерлеріне деген ілтипаты ерекше. Олар өткен жылы Көксу ауданы әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде дәрігерлік амбулаториялардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін көтеріп, медицина қызметкерлеріне лайықты жалақы тағайындауды сұрапты.

Тәңірберген Бәкешев, Мәмбет ауылының тұрғыны:

- Медбикелер жаны қалмай, қай уақытта шақырсақ, сол кезде келіп, ем-дом жасап жатады. Мәмбет ауылының амбулатория қызметкерлерінің жұмысына дән ризамыз халқымыз.

Ауыл халқының тілегі қабыл болып, жақында Мәмбет ауылдық дәрігерлік пунктіне жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. «Ол біздің жұмысымызды біршама жеңілдетті. Өйткені тұрғындар тарапынан түсетін шақыртулар күндіз-түні толастамайды. Жолдауда алдағы жылдан бастап жалақымыздың 20 пайызға көтерілетіні айтылды. Біз өз кезегімізде медициналық қызмет сапасын жақсартуға барынша күш саламыз», – дейді Мәмбет ауылдық дәрігерлік пунктіндегілер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы