366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысындағы 160 мың тұрғыны бар ауданда аурухана жоқ

  • 367
  • UPD: 17:34, 13.10.2018

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында әлеуметтік қолдаудың артуымен дәрігер тапшылығы азайып келеді.

Биылдың өзінде өңірдегі шалғай ауылдарға 18 дәрігер барған. Біріне пәтер, енді біріне жатақханадан орын беріліп, барлығы баспанамен қамтылды. Ал келер жылдан бастап жалақылары өседі.

Жалпы тәжірибелік дәрігер Артур Қыдыровтың Маңғыстау-5 ауылындағы бастапқы медициналық көмек көрсету орталығында еңбек етіп жатқанына биыл үшінші жыл. Ол жоғары оқу орнын бітірген соң туған жеріне оралған. Ауылда маман жетіспейтіндіктен артығымен еңбек етуіне тура келеді. Күніне 50-60 адамға көмек көрсетеді.

Артур Қыдыров, жалпы тәжірибелік дәрігер:

- Осы соңғы Елбасы жолдауын тыңдадық, қуантатыны, келесі жылдан бастап біздің еңбекақымызды жоғарылатуға тапсырма берілді. Осы бізді қуантады, ауыл дәрігерлерін шабыттандырады десек болады.

Ауылдағы дәрігерлік амбулатория қағазсыз көмек көрсету жүйесіне көшкен. Тұрғындар бұрынғыдай медициналық карта арқалап, есік жағалап жүрмейді. Ұялы телефон арқылы тіркеліп, қажетті дәрігерге қаралады. Науқастың электронды денсаулық паспортында ауру тарихынан бастап, сараптама нәтижелеріне дейін көрсетілген.

Арзыгүл Аллабергенова, ауыл тұрғыны:

- Маңғыстау-5 ауылында осындай емханамыз бар. Бұрын қалаға жүгіретінбіз. Енді өз ауылымызға келеміз. Бұрынғыдан жеңіл. ЖСН-ді көрсетіп, қабылдауға кіреміз, тез, уақытымыз үнемді.

Мұнайлы ауданындағы барлық дәрігерлік көмек көрсету орталықтары медициналық құжаттарды цифрлық нұсқада жүргізуге көшкен. 98 пайызы компьютермен жабдықталған. Ауылдарда маман тапшылығы мәселесі де шешіліп келеді. Биылдың өзінде 18 дәрігер жұмысқа қабылданған. Оның 14-і оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар.

Айдар Шыршықбаев, Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының директоры:

- Дәрігерлер бізге көптеп келіп жатыр. Өйткені әлеуметтік көмек дәрігерлерге көптеп көрсетілуде. Олар үй алу үшін пайызсыз қаражат бөлу, бірінші келген адамға жәрдемақы беру және бізге келген дәрігер мамандардың бәріне жатақханадан орын беріп жатырмыз, үй алуға көмектесіп жатырмыз.

Мұнайлы ауданы – бала туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұрған өңір. Соңғы 10 жылда тұрғындардың саны 4 есеге өскен. Алайда 160 мың халқы бар ауданда әлі күнге аурухана жоқ. Әйелдер тіпті босану үшін облыс орталығына сабылады. «Жаңа аурухананың жобасы 7 жылдан бері министрлік тарапынан мақұлданбай келеді», – дейді дәрігерлер.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы