365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында заманауи спорт кешені ашылды

  • 399
  • UPD: 17:51, 13.10.2018

Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауылында заманауи спорт кешені ашылды.

Құрылыс тоқтап қалған нысанды игілікке беру үшін аудандық бюджеттен 153 миллион теңге қаржы бөлінген. Жаңа нысан ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды.

Созақ ауданының 90 жылдығына орай Құмкент ауылында спорт кешені ашылып, ел игілігіне берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Салыхан Полатов, бокстан әлем чемпионы, Созақ ауданының құрметті азаматы Біржан Жақып арнайы қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Жаңа нысанның ашылғанына әсіресе ауыл балалары қатты қуанды.

Асыл Айтқожаның жасы биыл 11-де. Күрестен жақында ғана облыстық чемпион атанған балақай болашақта әлем чемпионы болуды армандайды. 

Асыл Айтқожа, 4 сынып оқушысы:

- Бізде үлкен спорт залы ашылды, бізге өте жақсы болды. Мен облыстық чемпион атындым. Болашақта әлем чемпионы боламын. Осындай спорт ғимараты салынғанына өте қуаныштымыз.

Заманауи үлгідегі спорт ғимаратында күрес, бокс, футбол, волейбол және үстел теннисі сынды спорттың бірнеше түрінен секциялар жұмыс істейді. Болашақта Құмкенттен чемпиондар шығады деген үмітте ауылдың үлкендері.

Серік Досболов, волейболдан төреші:

- Құмкент елді мекенінде волейбол спорт түрі өте жақсы дамыған. Спорт кешенінде бокс, волейбол, тоғызқұмалақ, тағы басқа спор түрлері ашылып жатыр. Алдағы уақытта осы Құмкент ауылынан әлем чемпиондары шығады деген ойдамыз.

Бірнеше жылдан бері сақалды құрылысқа айналған спорт ғимаратын аяқтауға аудандық бюджеттен 153 миллион теңге қаржы бөлінген. Енді 3,5 мың түтіні бар Құмкент ауылының тұрғындары бұқаралық спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанатын болады.

Салыхан Полатов, Созақ ауданының әкімі:

- Былтыр ауданымызда 6 ауылда спорт алаңдарын аштық. Биыл 11 спорт алаңшасын, соның ішінде бір спорт ғимаратын халыққа тапсырып отырмыз. Ауданда спортпен қамтылғандар 27 пайыз болып отыр. Осы нысандарды тапсырғаннан кейін 30 пайызға жететін боламыз.

Айта кетейік, Қарт Қаратау етегіндегі сырлы Созақтың 90 жылдығына орай ауданда 24 нысан ел игілігіне берілді. Олардың арасында спорт ғимараттарынан бөлек балабақша, медициналық пункттер, көшені жарықтандыру және әлеуметтік дүкендер бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы