365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-ға қарасты 8 ауыл таза сумен қамтылды

  • 123
  • UPD: 10:59, 14.10.2018

Батыс Қазақстан облысында бірден 17 мыңнан астам тұрғыны бар 8 ауыл сапалы тіршілік нәрімен қамтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Құлшық» жерасты су көзінен тартылған Жаңақала топтық су құбыры жобасының құны – 2 жарым миллиард теңге. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңге бөлінгенін және әкімдерге осы қаржы есебінен өңірлердегі өткір проблемаларды шешуді тапсырған болатын. Айта кетерлігі, бүгінгі күні аймақта ең өзекті саналатын ауызсумен қамту мәселесі біртіндеп шешімін тауып келе жатыр.

Жаңақалалықтардың таза судан тарығып келгені рас. Тұрғындарға тазартылып жеткізілетін тіршілік нәрінің сапасы әр кезде әрқилы болатын. Әсіресе, қыста мұз қалың қатқанда, судың мөлшері азайып кететін. Енді ол қиындықтардың бәрі де өткен шақтың еншісінде.

Рахия Кенжекейқызы, Жаңақала ауылының тұрғыны:

– Су үздіксіз келіп тұрғанымен, түсі сарғыштау, ішуге болмайтын еді. Дүкеннен сатып алатынбыз. Қуанышымызда шек жоқ.

Қабдығали Текебаев, Жаңақала ауданының құрметті азаматы:

– 150-200 шақырым жерден жер асты суының жеткізілуі бұл біздің қиялымыздағы нәрсе еді. Ел қуанышты. Талай қиыншылықтарды бастан өткеріп, ашық судан пайдаланып, ауруға шалдыққан кейінгі ұрпақ та осыны бастан өткерді. 

Тіршілік көзінің мол қоры Жаңақала ауылынан 150 шақырым жатқан Құлшық деген жерде табылды. Мамандардың айтуынша, тұщы жер асты суы 50 жылға жетеді екен. Былтыр күзде басталған жобаны биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланған еді. Мердігер мекеме нысанды мерзімінен бұрын тапсырып отыр.

Валерий Крылов, құрылыс компаниясының басшысы:

– Жалпы ұзындығы 145 шақырым құбыр желісін тарттық. Бұл жолдың тең жарымы шағыл мен құм еді. Қиыншылықтарға қарамастан, тиісті гидроқұрылғылардың бәрін орнаттық. Техникалық талаптарға толық сай келетін заманауи сорғылар біз жоспарлаған секундына 5 литрдің орнына 8 литр су беруге қауқарлы. Яғни тіршілік нәрі бәріне жетеді және артығымен қалады.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі:

–Елбасымыздың Жолдауына сәйкес, келесі жылы республикаға осы таза ауызсу жеткізу үшін тағы да қосымша 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның ішіндегі ең өзекті өңірдің бірі – бізбіз. Сырым аудан орталығына қазір су керек. Ауда  орталығына және тағы қосымша 4-5 елді мекенде судың дебеті таусылып тұр. Біз жобалық-сметалық құжаттаманы дайындадық, 2 миллиард теңгенің үстінде тек бір ауданға керек.

Осылайша, Жаңақала ауданының таза сумен қамтылу көрсеткіші 82 пайызға жетті. Алайда облыстың талапқа сай тіршілік нәрімен қамтылу деңгейі – әзірге 45 пайыз ғана. Жолдау жүктеген міндетті орындау аясында келер жылы аймақта тағы 50 елді мекенге таза ауызсу жеткізілмек.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы