386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында 10 су қоймасы салынады

  • 695
  • UPD: 11:32, 15.10.2018

Ақтөбе облысында суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту үшін 10 су қоймасы салынады.

Яғни 600 млн текше метр қар суын тиімді пайдалануға мүмкіндік бар. Сонымен бірге өңірдегі «Сазды», «Ақтөбе» және «Қарғалы» су қоймаларын қайта жаңғыртып, сыйымдылығын арттыру жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек ірі бөгеттер мен тоғандарды түгендеу және құжаттарын реттеу жобасы қолға алынды. Биыл 21 мың гектар суармалы жерге түрлі дақылдар егілді.

Ақтөбелік кәсіпкер 3 жыл бұрын қала маңынан 1 гектар жер алып, таңқурай егіп, тәжірибе жасап көреді. Сол жылы өзі күткендей өнім алады. Екінші жылы алқапты 10 есеге ұлғайтады. Ал биыл 25 гектар жерден 35 тонна жеміс жинаған. Ал қазір су шаруашылығы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының көмегімен суармалы алқапты ұлғайту жұмыстарын бастап кеткен.

Данат Шураханов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Биыл жинаған 35 тонна өнімнің бір бөлігін саттық. Қалған бөлігін мұздатып, тосап шығарып жатырмыз. Бұған дейінгі суару жүйесі азғантай алқапты суаруға арналған еді. Енді магистральді су құбыры тартылғаннан кейін алқапты ұлғайтамыз.

Бұл ауданда 150 гектар суармалы жер болады. Суару жүйесін 3 бірдей шаруашылық пайдалана алады. Жергілікті құрылыс компаниясы су құбырын тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұзақ жыл сыр бермейтін сапалы құбырлар Астана қаласындағы зауыттан әкелінген. Жалпы, қала маңындағы Благодар, Сазды, Қурайлы елді мекендерінде 2000 гектардан астам жер тұрақты суару жүйесіне қосылады. Бұл мақсатқа 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады.

Игорь Дмитрук, учаске бастығы:

- Бұл жерде қазір жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Болған соң құбырларды жүргіземіз. 10 жұмысшы мен 3 техника бар. Жұмыстың 80 пайызы аяқталып тұр. Осы айдың жиырмасында тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Бекзат Нәметов, «Қазсушар» РМК Ақтөбе бөлімшесінің директоры:

- Елбасының жолдауында айтылғандай, республика бойынша 610 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру аясында Ақтөбе облысында 15 662 гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Оған республикадан 7 млрд 200 млн теңге ақша бөлініп, 5 мердігер компания 15 су нысанында жұмыс жасап жатыр.

Жалпы, жоспар бойынша өңірде суармалы жерлердің көлемі 30 мың гектарға жетуі тиіс. Өңірде 3 ірі су қоймасы мен 140-тан астам тоған бар. Қазір көбінің паспорты дайындалып, түгендеу жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы