386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада 230-дан астам жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды

  • 316
  • UPD: 16:27, 17.10.2018
Астанада 230-дан астам жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды astana.gov.kz

Астанада жазасын өтеп келгендерді қолдауды қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен «Қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметті дамыту және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін жұмыс орындарын құру» жобасы жүзеге асырылуда.

Осы бағдарлама аясында 1254 адамға жан жақты көмек көрсетілген. Жобаны «Оңалту технологиялары мен тұжырымдамалар» қоғамдық қоры іске асыруда.

«Біздің қордың басты міндеті жазасын өтеп келгендерге барынша қолдау білдіру. Осы жылы біз 230 жазасын өтеп келушіге жұмысқа тұруға көмек бердік, 35 адамға жеке кәсіпкерлік ашуға көмектестік. Әрине, бұл жұмыстар жазасын өтеп келгендердің өмірге деген құлшысын оятады, өз істерін бастаған олар өзгелерге үлгі болуда және соларды жұмысқа алуда. Бұл сотталып келгендерді өмірге бейімдеуге және қылмыс жасамауға септігін тигізуде», - деді қоғамдық қордың директоры Орынбасар Құлжабаева.

Оның сөзінше, өздеріне өтініш білдіре келген жандарды олар сауда және қызмет көрсету саласына жұмысқа орналастыруда.

Спикердің айтуынша, жазасын өтеп келгендер үшін жұмысқа тұру тұрақтылықты қамтамасыз ету және соттылықты жою үшін маңызды стимул. Әрине қор қызметкерлері жұмыс барысында түрлі жағдайларға да тап болады.

«Кейде оларды жұмысқа алмайды, алса да зейнетақы аудармайды, олардың 50 % ЖК-де, ЖШС-те  жалданып жұмыс жасайды. Екінші мәселе тұратын жер. Ұзақ жыл жазасын өтеп шыққандар пәтерлерінен айырылады, босап шыққан соң мұрагерлікті рәсімдей алмай, тұрғын үйді жекешелендіре алмай жүреді. Сөйтіп үйсіз, күйсіз қалады», - деді жазасын өтегендердің мәселесін жеткізген қор директоры.

О.Құлжабаева сотталып келгендерді әлеуметтік жатақханамен қамтамасыз етуді ұсынды.

Хабар 24 телеарнасы