380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрлан Нығматулин павлодарлық жастармен Елбасы Жолдауын талқылады

  • 964
  • UPD: 17:50, 18.10.2018

Павлодарда Елбасының Қазақстан Халқына Жолдауында көрініс тапқан 6 басым бағытты негізге алған жиын өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймаққа жұмыс сапарымен барған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның электролиз зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ Жолдау жүктеген міндеттерді жастармен бірлесіп талқылады.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары іргесі қаланған Қазақстанның электролиз зауытынан шығатын өнімінің басым бөлігі сыртқы нарыққа бағытталған. Бүгінде бастапқы алюминий әлемнің 20 еліне экспортталады. Алюминийді тереңдетіп өңдеу арқылы автокөлік дискілері шығарыла бастады. Зауыт еңбеккерлерімен кездескен Мәжіліс төрағасы Елбасы Жолдауының басты бағыттарына тоқталды. Әлеуметтің әлеуетін арттыруды көздеген маңызды құжатты металлургтер жылы  қабылдады.

Берік Нұрымбетов, зауыттың металл құюшысы:

– Биылғы Жолдау барлық отбасы үшін керек мәселені көтерді. Мен Елбасының әр сөзінен біздің жағдайымызды жақсы білетінін көрдім. Бұған қуаныштымыз. Мұғалімдерге, дәрігерлерге, оның ішінде бізге - жұмысшыларға көп көңіл бөлді.

Руслан Аралов, зауыттың өндірісті дайындау бойынша аға шебері:

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрбір Жолдауы бізге деген қамқорлығын танытады. Елбасы көптеген мақсат қойды. Олардың шешілу жолдарын да көрсетіп берді. Біз Президентіміздің айтқандарын орындап, аянбай жұмыс істеп, өз үлесімізді қосамыз.

Елбасының кез келген бастамасы жастар тарапынан зор қолдау табады. Сапалы білім, баспанамен қамту мәселесі, студенттерге жатақхана салу. Келер жылды Мемлекет басшысы  жастар жылы  деп  жариялауды ұсынды. Ертіс өңірінің белсенді жастарына бұл үлкен серпін беріп отыр.

Еркебұлан Күнтуған, жастар белсендісі:

– Елбасымыздың әр ойы он жылға ілгері құрастырылған. Сондықтан да бүгінде Қазақстанда кез келген адам өзінің идеясын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып жатыр.

Павлодардың жастар бастамаларын дамыту  орталығында көптеген шығармашылық идеялар мен жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Жастар Мәжіліс төрағасына өздерін толғандырған сауалдарын қоюға да мүмкіндік алды.

Төлеген Айтбаев, Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры:

– Әрбір алты бағыт әрбір жас адаммен байланысты, оның жеке өмірімен. Жолдаудың соңында 2019 жыл жастар жылы деп жарияланғанын естіп, қуандық. Ең алдымен біз қазіргі әрбір жас адамға Жолдауды дұрыс жеткізу – біздің негізгі мақсатымыз.

Болашақ экономикасының жаңа технологиялары, шағын және орта бизнестің дамуы, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету –осылардың барлығы  жас буынға жақын және түсінікті. Сондықтан оларға жаңа стартаптар жасауға серпін береді. Н.Нығматулин жастардың сұрақтарына жауап бере отырып, Елбасының Жолдауындағы барлық басым бағыттар Парламенттің заңнамалық жұмысының басты бағыты болатынын айтты.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы