384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында электр қуатын таратудағы іркіліске не себеп?

  • 970
  • UPD: 20:46, 18.10.2018

Қызылорда өңірінде электр энергиясының тапшылығы айқын сезіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы үш күннен бері облыс орталығында жарық шектеумен беріліп жатыр.

Әдетте жарқырап тұратын қала көшелеріндегі жарық шамдары мен түрлі диодты безендірулер жанбай қалып, түнгі шаһардың шырайы қашты. Жалпы бұған дейін де қатты жел тұрып, жаңбыр нөсерлетсе, жарықтың жалп етіп өшетіні бар. Бірақ ұзаққа созылмайтын. Бұл жолы қызылордалықтарға сағаттап қараңғылық құшағында отыруға тура келді.

Электр энергиясын таратудағы үзілістер 15 қазаннан басталды. Кешкі алтыдан бастап Қызылорданың жартысы жарықсыз қалды.

Ақмарал Жәуенова, қала тұрғыны:

– Осыдан 10 жыл бұрын осылай жарықтың қайта-қайта өшетіні есімде. Содан кейін жағдай оңалған еді. Бірақ міне 3 күн болды жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Балалар сабақ оқи алмай қалды, тұрмыстық техникалар күйіп кете ме деп алаңдап отырмыз. 

Ержан Жанабаев, облыстық энергетика және ТКШ басқарма басшысының орынбасары:

– Жұмыс уақытынан кейін 6-9 аралығында әлі де электр энергиясының тапшылығы кейбір жерлерде байқалады. Бірақ облыс басшылары бұл жөнінде ұлттық оператор КЕГОК басшылығымен сөйлесті. Мәлімет бойынша, Жамбылдағы ГРЭС 2-блок іске қосылған. Бірден толық электр энергия күшін бере алмайды. Кезең-кезеңмен бұл мәселе шешіледі деген келісім бар.

Жамбыл гидроэлектрстанциясы басшылығының айтуынша, газ құбырларын жөндеу жұмыстарына байланысты орталық 3 жарым ай бойы тоқтап тұрған. 9 қазанда іске қосылған ГРЭС-тің қос блогы да қалыпты режимге көшті.

Рашид Айдаров, Жамбыл ГРЭС бас директорының орынбасары:

– Сағатына 100 текше метр газ тұтыну есебімен қазір 320 мегаватт электр энергиясын өндірудеміз. Ауа райының салқындауына байланысты бұл қуаттылық та жеткіліксіз. Сондықтан өндіріс көлемін күшейту қажет.

Қызылорда қаласына электр энергиясын шектеумен беру кестесі апта аяғына дейін оңалады деп күтілуде. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы