Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада жастарды толғандыратын мәселелерді шешу жолдары талқыланды

  • 1631
  • UPD: 21:01, 19.10.2018

Еңбек нарығына сай мамандық таңдау, сапалы білім алу, жұмысқа орналасу, баспаналы болу.

Міне, қазіргі жастарды осы мәселелер толғандырады. 

Олардың мүддесі мен құқықтарын қорғау тек біздің елді ғана емес, бүкіл жаһанды толғандырған мәселе. Сондықтан Астанада өтіп жатқан «Инвестиция – жастарға» деп аталатын халықаралық форумға әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы өкілдер келді. Олардың қатарында халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азиялық қауымдастықтың төрағасы, Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Ясуо Фукуда, БҰҰ-ның өкілі Ян Мак Фарлейн сияқты меймандар бар. 

«Жастар – ел болашағы» деп жиі айтамыз. Енді сол қоғамның белсенді өкілдерін келешекте нағыз тұлға ретінде көру үшін оларға барынша қолдау болуы тиіс. Жастарға құйылған қаржының қашан да қайтарымы болады. Форумның «Инвестиция – жастарға» деп аталуы да содан. Осы бағытта халықаралық деңгейде мемлекеттік саясат пен құқықтық жағынан тәжірибе алмасу қажет. Жиында қаузалған тақырыптардың бірі бұл. Оған әлемнің 40-қа жуық елінен 200-ден астам мемлекеттік орган мен үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысып жатыр. Біздің елімізде жастар саясаты Елбасының басты назарында. Мұны форумға қатысқан Мәжіліс төрағасы да атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Сонымен қатар жастар саясатына қатысты нақты тапсырмалар берді. Олардың бәрі жастардың рөлін арттыруға, өмір сапасын арттыруға арналған.

Жастардың əлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың табысты дамуына жағдай жасау. Жиында осы мәселелерді әлемнің әр түкпірінен келген өкілдер бірге талқылады. Басқосуда сөз алған халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азиялық қауымдастықтың төрағасы, Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Ясуо Фукуда «жастардан қаржыны аяп қалмау керек», – дейді.

Ясуо Фукуда, халықты қоныстандыру жөніндегі азиялық қауымдастықтың төрағасы:

- Жапония қай кезде болсын бірінші кезекке жастар мәселесін қояды. Себебі, ел экономикасын дамытатын дәл солар. Жастар білімді болса, тұрақтылық болады. Біз олардың оқуына, сүйікті ісімен айналысуына, әсіресе қазіргі заманғы техногиямен шұғылдануына жол сілтейміз. 

Өз елімізге келер болсақ, біздегі жастар саны 4 млн-ға жетті. Оның екі млн-нан астамы қалада, қалған бөлігі ауылда тұрады. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға жуық деген дерек бар. Мемлекет тарапынан тиісті бағдарламалар қабылданып жатса да жастар саясаты әлі де жетілдіруді талап етеді. Мәселен, бұл жас деңгейін ұзартуға қатысты.

Дәулет Кәрібек, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

- Қазір бізде орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жас. Ал үйлену жасы жігіттерде 28 болса, ал қыздарда 26 жас. Яғни олар үйленгеннен кейін екі-үш жылдың ішінде жас отбасы деген категориядан шығып кетіп жатады. Жас ғалымдар үшін де солай.

Жаһандық индексте жастардың дамуы жағынан Қазақстан 180 елдің ішінде 61-орында тұр. Десе де біздің халықты да әлемге ортақ мәселелер айналып өтіп жатқан жоқ. Олар – суицид, қыздардың ерте жастан ана атануы сияқты түйткіл жайттар.

Дархан Кәлетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:

- Дүниежүжілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 67 мыңға жуық жасөспірім өзіне қол жұмсайды. Ал Қазақстанда Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 14-тен 28 жасқа дейінгілер арасында суицидке бару деректері азайып келеді. Яғни 2015 жылдағы 970-тен 2017 жылы 818-ге дейін төмендеді. Дегенмен де бұл көрсеткіш әлі де жоғары.

Айырқалпақпақты қырғыз ағайындар қазақтардан үйренеріміз көп дейді. Өзге елдермен тәжірибе алмаспаққа жиынға елдің Жоғарғы кеңес төрағасының өзі келген.

Мирлан Бәкіров, ҚР Жоғарғы кеңесі төрағасының орынбасары:

- Елбасы бастамасымен сіздерде қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынының қабылданғанына 25 жыл болыпты. Қазір осы жобамен оқып келген жастар ел мүддесі үшін жұмыс істеп жүр. Бізде де осыған ұқсас «ХХІ ғасыр кадрлары» деген бағдарлама бар. Еліміздің 24 пайызын жастар құрайды. Олар 21 жастан Жоғарғы кеңеске депутат болып сайлана алады. Жастар саясатын дамытуда бір-бірімізден үйренеріміз өте көп дегім келеді.

Әлем бойынша15 пен 64 жас аралығындағы 2 миллион адам мектеп табалдырығын аттамаған. Яғни олар сауатсыз. Нәпақасын тек қара жұмыс істеп табады. Дені жастар. Әрине, әрбір мемлекетте, əрбір қоғамда жастардың орны ерекше. Ал ХХІ ғасырда заманға сай болуы, біріншіден, өздеріне байланысты. Себебі, қазір жұмыс орындарын жасанды интеллект, заманауи технология алмастырып жатыр. «Сондықтан осыған назар ауданған жөн», – десті жиналғандар. Болашақта кәсіптік, яғни арнайы білімі бар жұмысшы мамандықтар да сұраныстан түспейтіндігі айтылды. Форум жұмысы ертең де жалғасады.   

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы