389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі медициналық мекемелердің 89 пайызы цифрлық жүйеге көшуге дайын

  • 969
Еліміздегі медициналық мекемелердің 89 пайызы цифрлық жүйеге көшуге дайын

Елімізде облыс орталықтары мен аудандардағы медициналық мекемелердің 89 пайызы цифрлық жүйеге көшуге дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалған 11 пайызы жыл соңына дейін жасақталып, 1 қаңтардан бастап халыққа электронды форматта қызмет көрсете бастайды. Осылайша, дәрігерлер қағазбастылықтан арылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішов мәлімдеді. Айтуынша, бұл жұмыстарды сапалы жүргізу үшін медицина қызметкерлері компьютерлік сауаттылық курстарынан өтті. Сондай-ақ ақпараттық жүйені қарапайым халыққа үйрету үшін 500-ге жуық цифрлық бекет ашылды. Жыл басынан бері осы орталықтарға 2 миллиондай адам бас сұғып, цифрлық медициналық қосымшамен жұмыс істеуді үйренген. Енді келер жылдан бастап осы мүмкіндікті пайдаланған адам емханаға тек көріну үшін ғана келеді. Одан кейінгі дәрігердің шешімі мен басқа да қосымша мәліметтердің бәрі электронды нұсқада қолжетімді болады. Айта кетейік, медицина саласын цифрландырудың пилоттық жобасы осы жылдың басында қолға алынып, өзінің тиімділігін дәлелдеген.

Олжас Әбішов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Алыстағы ауылдарда компьютер мен медициналық ақпараттық жүйелер бар болса да, интернет жоқ. 2022 жылға интернет тартылса, түгелімен ақпараттық жүйеге қосылады.

Хабар 24 телеарнасы