386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы ауылдардың атауларын өзгерту ұсынылды

  • 1138
  • UPD: 19:52, 20.10.2018

Маңғыстауда облыспен аттас аудан, ауыл мен көшенің аты көп. Бір Мұнайлы ауданының өзінде «Маңғыстау» атауымен аталатын бес ауыл бар, Маңғыстау 1, Маңғыстау 2, Маңғыстау 3, 4, 5 деп кете береді.

Бірдей атаулардан мұнда келген қонақ тұрмақ аймақ тұрғындарының өздері жиі шатасады екен. Өңір белсенділері жергілікті биліктен бұл елді меккендердің атауларын ауыстыруды сұрап отыр.

Біз сұраған бұл тұрғындардың тұрып жатқан ауылының атауы бір болғанымен, әрқайсысы әр ауылда тұрады. Мұнайлы ауданында 5 бірдей ауылдың атауы Маңғыстау. Аудан орталығынан бастап, осыдан 3 жыл бұрын пайда болған жаңа ауылға дейін «Маңғыстау» деп аталады. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен киелі аймақта тарихи жер, су аттары көп. Бір ауылға есімін беруге лайық қазақтың батыр, билері де жетерлік. Сондықтан да ауыл атуларын ауыстыруды сұраймыз», дейді тұрғындар.

Бердіхан Әлмен, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

- Мен өзім бала кезімде көретін едім, 400 маясы бар ауыл болды. Сол жерде кез мая, інген деп айта беріп, 400 түйенің бәріне ат қоя алмайды да. 1,2,3,4 деп яғни цифрмен малдарды ғана атағанын білетін едім. Негізі тарихи жердің аты я тарихи тұлғалардың атымен аталғаны абзал.

Киікбай Ешманов, қоғам белсендісі:

- Қазаққа еңбегі сіңген ұлы тұлғалар бар. Шахмардан Есенов, Жалау Мыңбайұлы деген азаматтардың атымен атасақ, бұл сол азаматтарға көрсетілген үлкен құрмет болар еді.

Тұрғындардың пікірін ескерген аудан басшылары бұл мәселені жергілікті қоғам белсенділері, ардагерлер мен мәслихат депутаттарының талқысына салған. Жергілікті қоғамдастық «Маңғыстау» атауын иеленген 5 ауылға «Шерқала», «Айрақты», Бесшоқы», «Бозжыра» және «Ақ Еспе» сынды тарихи жерлердің атауларын беруді ұсынып отыр.

Берік Біләлов, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- Облыс әкіміне ұсыныс хат жолданып, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысына сәйкес, барлық құжаттар осы уақытқа дейін кезең-кезеңімен жинақталып келіп, облыстық ономастикалық комиссиясына ұсынылды. Алдағы уақытта ағымдағы жылдың қазан айының соңында қаралады деп күтілуде. Осы қорытынды негізінде біз аталғана ауылдардың атауларын 1,2,3,4,5 қайтадан өзгертілетін болады.

10 жыл бұрын құрылған Мұнайлы ауданында бірнеше Қызылтөбе мен үш бірдей Баянды деп аталатын ауылдар да бар. Аудан басшылары болашақта бұл ауылдардың атауын да өзгертіп, жер, су аттарымен алмастырмақ ниетте. Елді мекендердің атауы өзгерген соң әр ауылдың кіре беріс тұсына ауыл атауының макеті қойылады. Осылайша Маңғыстаудың тарихи әрі көркем жерлерін насихаттау жоспарлануда. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы