389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соғыс пен жөндеуден кейінгі С.Бейбарыстың кесенесі қандай күйде?

  • 1245
  • UPD: 18:34, 21.10.2018

Сириядағы ұзақ жылдарға созылған соғыстан кейін алғаш болып Сұлтан Бейбарыстың кесенесіне бару мүмкіндігі «Хабар 24» арнасының тілшілеріне бұйырды.

Ержүрек батыр Мысырды басқарған 17 жыл ішінде Мысыр, Сирия, Хиджаз, Йемен, және Кіші Азияны біріктіріп, Таяу Шығыс әміршісіне айналды. Өркениеттер тағдырын өзгерткен крест жорықшыларын жеңген ұлы қолбасшы Каирге қайтар жолда дүние салып, Дамаскте жерленген.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Дамаскке барды. Сапар барысында Сұлтан Захер Бейбарыстың кесенесін жөндеуге қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Сол кезде Қазақстанның Сириядағы елшісі болған қазір Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әмреев бұл шешімнің өте маңызды қадам болғанын атап өтті.

Бағдат Әміреев, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы:

– Жалпы Бейбарысты танудың үлкен ғылыми мектебі бар. Әсіресе ол Египетте жақсы дамыған. Бейбарыстың қазақтан шыққанын дәлелдеген де, осы елдің ғалымдары. Содан кейін біздің тарихшылар оны ары қарай зерттеген. Әл-Фараби мен Бейбарыс қазақ болғанын анықтау біздің халықтың тарихын бірнеше ғасырға арттырды. Бұл атақ қана емес, қазақ халқының әлем өркениетіне қосқан үлесіне дәлел.

Қазақстандық мамандар кесенені қайта қалпына келтіруді 2011 жылы Шам еліндегі қарулы қақтығыс басталар алдында бітірген. Содан соғыс жылдары тарихи орын жабылып, Сирия үкіметі қарауында болды. Таяу Шығыстағы дағдарыстың ауқымдылығына қарамастан, Сұлтан Бейбарыстың аты аймақтағы халықтардың есінде сенім мен барлық жеңістердің негізі ретінде сақталып қалған. Алда Каирдегі Бейбарыс мешітін қайта қалпына келтіру, одан кейін Иерусалимдегі мұражайды жөндеу жоспары тұр. Дамасктегі мемориалды кешен Сирия астанасының қақ жүрегінде – Ескі қалада орналасқан.

Кешен қабір мен қазір кітапхана мен оқу залына айналған бұрынғы медреседен тұрады.

Абу Сами, жыршы:

– Әрине, оны барлығы біледі. Сұлтан өз тайпасының салт-дәстүрін ұстанып, ана тілін ұмытпаған, қымыз ішіп тұрған. Оны тіпті Иерусалимді крест жорықшылары мен моңғолдардан қорғап қалғаны үшін бүкіл ислам әлемінің басшысы деп жариялаған.

Бұл қарт кісі күнде кешкісін ұлттық киімін киіп, жергілікті дәмхананың бірінде Ежелгі шығыстың аңыз-дастандарын жырлайды. Бірақ жұма сайын тұрғындардың сұрауымен 750 жылдан бері Сұлтан Бейбарыстың ерліктері мен ұлы істері туралы кітап оқылады.

Абу Сами, жыршы:

– Египеттің батыр мәмлүк әскерінің ұлы қолбасшысы Людовик тоғызыншы бастаған крест жорықшыларымен шайқасып, жеңіп, оны тұтқындаған. Ал алған бетінен қайтпайтын моңғолдар өздеріне қарсы шығып, жолын кеспек болғандарды көргенде таң қалған. Сөйтіп мәмлүктер Айн Джалут түбінде күйрете соққы берген. Оларды шайқасқа жаужүрек Захер Бейбарыс бастаған.

Ұлы қолбасшы әрі билеуші туралы естелік тек халық туындыларында ғана сақталмаған. Бейбарыстың жөндеуден өткен кітапханасында ұлы дала халықтарының өмірі, қыпшақтардың салт-дәстүрі жайлы 72 мың жазба бар. Сириялық жаңғыртушылар әр қолжазбаны аса ұқыптылықпен қайта түптеген. Олар келешекте кешеннің оқу залы студенттер мен ғалымдарға, ал кітап сөрелері түрлі тілдегі туындыларға толар деген сенімде.

Ақпарат көзі: Ақмарал Баталова, Евгений Махметов

Хабар 24 телеарнасы