389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы АҚШ елшілігінің өкілдері оқушылардың уақытты тиімді өткізуіне жағдай жасауда

  • 1167
  • UPD: 21:59, 21.10.2018

Қорғалжын экологиялық обсерваториясының орнитологиялық орталығында Қазақстан оқушыларын экологиялық тәрбиелеу бағдарламасы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің шағын гранттар бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Мақсат – Ақмола облысы Қорғалжын ауданының орнитологиялық аумағында құстарды бақылау үшін жағдай жасау.

Осы демалыста экологиялық тәрбие бағдарламасының тәрбиеленушілері Қорғалжын қорығына барды. Балалар үш күн бойы орнитология аумағындағы құстарға бақылау жасады. Еліміздегі АҚШ елшілігінің өкілдері балалардың уақытты тиімді өткізуіне жағдай жасады. 

Алина Сыздықова, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Біз мұндағы кішкене көлдің бірін таңдадық. Сол жерді мекен еткен құстарды дүрбімен бақыладық. Өкінішке орай, қоқиқазды көре алмадық. Бірақ үйректерді, суқұзғынды көрдік. Мен мұндай саяхатқа алғаш рет шығып тұрмын. Өте қызықты болды.

Қорғалжын қорығының көркін жәй ғана сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, маусым, шілде, тамыз айларында айдынында тулаған балық пен көл бауырлай ұшқан құс көздің жауын алады. Ұшқан құс пен жүгірген аң, жыбырлаған жәндік түгелдей осы Арқаның аядай ғана жерін алып жатқан Қорғалжын қорығынан пана тапқан. Сулы, нулы жер болғандықтан, өсімдік те сан алуан.

Құстың 500-ден астам түрін кездестіруге болады екен. Оның бесеуі бүгінде Қызыл кітапқа енгізіліп, ерекше қорғауға алынған.

Құралай Түспекова, Қорғалжын экологиялық обсерваториясының директоры:

– Өткен жылдан бастап қорыққа келетін оқушылар тобы құрылды. 250-ге жуық бала қонақ болды. Ең қызығы, бізге келіп кеткен жас өрендер енді табиғатты ластамаймыз деп уәде беріп жатады. Қоршаған ортаны қорғауға ат салысамыз деген ниет бар оларда. Демек, бұл бастаманың берері мол. Оқушыларға айтқымыз келген ойымызды жеткізе алдық деген үміт бар.

Бұл жоба келер жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Кейін курстың қорытындысына сай орнитология бойынша бағдарлама әзірленіп, Білім және ғылым министрлігіне таныстырылады. Нәтижесінде 5,6,7,8-сынып оқушыларына арналған арнайы курс бағдарламасы дайындалмақ.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы