Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 137
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Польшадағы World Travel Show туристік көрмесіне қатысты

  • 489
  • UPD: 11:42, 23.10.2018
Қазақстан Польшадағы World Travel Show туристік көрмесіне қатысты

Поляктар қазақтың бауырсағы мен құртынан дәм татып, өз қолдарымен жент жасауға мүмкіндік алды.

Польшадағы World Travel Show туристік көрмесінде еліміз өз павильонын ашып, шетелдіктерді аң-таң қылды. Бұл Орталық пен Шығыс Еуропадағы ең ірі көрме екен. Осы саладағы еліміздің әлеуетін «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы тур-операторларымызбен бірлесіп көрсеткен.

Филиппиннен АҚШ-қа дейін, Варшавадағы көрмеде бүкіл әлемнен 500-ден астам  туристік бағыт ұсынылып отыр. Қазақстан да көрмеде өзінің ұлттық павильонын ашты. Еліміздің ең ірі бес туроператоры қазақ жеріне саяхаттауға шақырып отыр. 

Қазақстан павильонының тұсаукесу рәсіміне Польшаның спорт пен туризм министрі Витольд Банька, елшіміз Марғұлан Баймұхан және кәсіпкерлер мен саясатшылар қатысты.

Марғұлан Баймұхан, Польшадағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Президент Жолдауында еліміздің бай мәдени, тарихи және табиғи әлеуетін пайдалану үшін туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан. Сол себептен, Польша азаматтарын көрікті жерлерімізбен таныстырып отырмыз. Бұл Орталық-Шығыс Еуропадағы ең ірі көрме алаңдарының бірі.

Бурабай, Шарын шатқалы, Байқоныр, сондай-ақ Жібек Жолы бойымен еліктірер саяхат жасау. Талғампаз шетел туристеріне ұсынарымыз мол.

Татьяна Вернитская, туркомпания өкілі:

- Тек қана Астана мен Алматыға бару емес, бүкіл Қазақстанды көре алатындай бағыттар құрдық. Табиғатымыз керемет қой. Сарыарқаға барғанда шетелдіктерді айтпай-ақ, өзіміздің тынысымыз тарылады. Ал Алматы мен Алтайдағы тауларымызды көргенде, шаттығына шегі жоқ. Еліміздің батысына барып, шөлейтте балбалдар мен түйелерді көріп таң қалады. Мұндай ғажапты өмірінде көрмеген, Еуропада ондай жоқ.

Әсел Рақымжанова, туркомпания өкілі:

- Көптеген туристердің сұранысына ие Ұлы Жібек жолы секілді турларды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, Алматы аймағына турымыз бар. Оған Шарын шатқалы, Көлсай көлдері мен аймақтың өзге де көрікті жерлеріне бару кіреді. Туристер жағынан қызуғышылық бар, көбісі туристік жағынан еліміздің әлеуетін алғаш рет ашып отыр, көптеген көрікті жерлеріміз туралы бірінше рет естіп отыр.

Көз жауын алатын табиғатымызбен қатар павильонымызға келушілер еліміздің бай мәдениетімен де танысып жүр. Шаңқобыз, дабыл және сазсырнайдің ерекше үнін өмірінде алғаш рет естіп, бауырсақ пен құрттың дәмін татқан. Ал қалағандардың жентті өздері дайындауға мүмкіндігі бар.

Кася, Варшава, тұрғыны:

Қазақстан стендінде таңқаларлық десерт дайындайды. Қазір дәмін татамын, бірақ дәмі сіңу үшін әлі де бірнеше минут күту керек. Мұнда Польшада кездеспейтін тәттілер бар. Сол себептен осында келдім. Қазақстанда әлі болған жоқпын, бірақ сіздерге өте барғым келіп тұр.

Нұрсұлтан Отар, музыкант:

Бұл жобада біз қазақ халқының музыкалық аспаптарын таныстырып жатырмыз. Бұл сазсырнай туралы айтатын болсам, оның тарихы өте көнеден басталады. XII-XIII ғасырларда өркендеген Отырар қаласында қазба жұмыстары кезінде осы музыкалық аспап табылған екен. Оған сазсырнай атын берген Болат Сарыбаев ағамызға мың алғыс. Өте жоғары қызығушылығы, әрине, бай мәдениетімізді барлығын көрсете алмаймыз, азғантай бөлігін көрсеткенімізге үлкен таңғалыспен қабылдап жатыр шетелдік қонақтар. Бізге ол шабыт береді. Өз елімізбен мақтанамыз

Биылғы жарты жылда Қазақстанға келген поляк туристерінің саны 27%-ға артқан. Бұған визасыз тәртіп пен екі ел арасында тікелей әуебайланыстың орнауы өз септігін тигізіді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы