382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бразилия халқы жалақыға уақытылы қол жеткізе алмай отыр

  • 425
  • UPD: 17:33, 23.10.2018

Бразилия үкіметі тұрғындарға берешегін қайтаратын болды. Жалақыны мерзімінде төлемей келген ел билігі тіпті зейнетақыларды дер уақытылы бермеген екен.

Олар бұл жағдайды жаһандық мәселелермен, яғни қаржылық дағдарыс немесе сыртқы саясаттағы қиындықтармен түсіндірген көрінеді.

Бүгінде Бразилияда халықтың 60 пайызы жалақысын уақытында ала алмай жүр. Олар алдындағы қарызы ондаған миллион долларға жеткен. Әсіресе көлік қызметкерлері, кеншілер мен құрылысшылар айлықтарын ұзақ күтеді. Тіпті жалақысын екі ай кідіріп алғанына қуанады. Көптеген мекемелерде жылдап айлық төленбейді, ал жұмыстан өз еркімен кетсе, мүлдем ақшасынан айырылуы мүмкін.  

Сильби Олех Нович, Санта-Катарина зауыттары кәсіподағының басшысы:

- Бұл ұзақ уақыт шешімін таппай жүрген мәселе. Әсіресе екі мыңыншы жылдардың басында жалақыны мерзімінде төлемеу жиелеп кеткен. Бірақ сол кезде бұл мәселені ешкім қозғамайтын. Ал соңғы жылдары тек кәсіподақтар еңбекшілердің құқықтарын қорғап қалуға тырысып жүр. Егер біздің көмегімізбен бір зауыттың жұмысшылары бірнеше айдың жалақысын алса, мұны үлкен жетістік деп санаймыз. Алайда көбінесе бұл да қолымыздан келмейді. 

Елдегі зейнеткерлердің жартысы ақшасын мерзімінде алмайды. Қариялар негізінен балалар мен немерелердің көмегі арқасында күнін көріп жүр.  Әлеуметтік қызметтер де қол ұшын созып жүргенмен, олардың мүмкіндіктері шектеулі. Тек Санта-Катаринаның өзінде зейнетақы бойынша қарызы бір миллион доллардан асқан. Ал бүкіл ел бойынша 23 миллион доллар құрайды. Жалпы елдегі орташа зейнетақы 50-70 доллар аралығында. 

Луис Самуель Соарес, зейнеткер:

- Бір де бір рет зейнетақыны мерзімінде алып көрмегенмін. Ең ұзағы 11 айға кідіріп берген. Сол кезде көршілерден қандай да болмасын азық сұрап, таныс медбикелерден дәрілерді қарызға алуға тура келді. Енді билікке үміт артпай, қосымша жұмыс істеуге мәжбүрмін. Одан басқа амал қалған жоқ.

Үкімет халыққа берешегін осы жылдың аяғына дейін төлеуді көздеп отыр. Алайда нақты мерзімі мен қаражатты қайдан алатынын ашып айтпай отыр. Зейнеткерлерге қарызын қайтаруды осыдан екі ай уәде еткенімен, әлі нақты қимыл жасаған жоқ. Халық бұл сайлау алды үгіт болып, жаңа президент сайланғаннан кейін бұның бәрі құр сөз боп қалады деген қауіпте.

Авторлары: Анна Орлова, Жоэль Франзони

Хабар 24 телеарнасы