384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде экономикаға жеке инвестиция тарту мәселесі баяулап тұр

  • 534
  • UPD: 20:42, 23.10.2018

Елімізге инвестиция тартуға барынша жағдай жасалынып, шенеуніктерге қолы ұзарсын деп қосымша орынбасаралар тағайындап, виза мәселесін қаншалықты жеңілдетсек те нәтиже біз күткендегідей болмай тұр.

Үкімет отырысында премьер-министр осылай деп біраз басшыны сынның астына алды. Тіпті елшілер де енжарлық танытып отыр деген пікірлер айтылды. Сондай-ақ жиында темір жол саласындағы соны өзгерістер де сөз болды.

Биыл 17 млн теміржол билеті сатылды. Оның 11 миллионы электронды түрде саудаланыпты. Жыл соңына дейін электронды билеттің үлесін 75%-ке жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек ел ішінде 456 жүк станциясы іске қосылған. Нәтижесінде республика бойынша жүк тасымалын бекіту ісі 11 сағаттан 5 минутқа дейін, экспорттық қатынас уақыты 35 сағаттан 1 сағатқа дейін қысқарған. Ресей, Қытай, Әзербайжан және Қырғызстанмен электронды ақпарат алмасу заңдастырылды. Осындай жетістіктерін баяндай келе «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев жаңа даму стратегиясы бекітілгенін мәлімдеді.

Үкімет отырысына арқау болған келесі мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен инвестиция ісі. Алқалы жиын дәл осы инвестор мен қаржы тартуға келгенде қыза түсті. Себебі елімізде жеке инвестиция көлемі кемшін. Яғни бұл бағытта кәсіпкерлермен тікелей жұмыс жасалмайды. Кейбір өңірдің әкімдері тек бюджет қаражатын алумен ғана шектеліп отыр. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осындай сын айтты. Мәселен, Шымкент. Алып шаһар. Шырайлы өлкедегі инвестиция өсімі 275% болса, жеке инвестиция үлесі бар болғаны 65%. Мұндай жағдай Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Астана қаласында да байқалып отыр. Қаржы тартсын деп барлық аймақ әкімдеріне инвестицияға жауап беретін арнайы орынбасарлар тағайындалды. «KazakhInvest» өкілдері инвесторларға көмек көрсету орталықтарын ашты. Өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Бірақ, сонда да жеке инвестиция бойынша нәтиже көңіл көншітпейді.   

Есесіне тікелей шетелдік инвестиция көлемі ұлғайған. 9 айда өсім 15,4 процентке артып, жалпы құны 12,3 млрд долларға жетіп отыр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Заңнамаға өзгерістер енгізіп, рұқсат беру, салық салу, кедендік бақылау жүйелерін, көші-қон визалық режимін жеңілдеттік.

Министр сөзіне тұздық. Қазақстанға визасыз режиммен қатынас жасай алатын елдердің тізімі кеңейтілді. Жеңілдікке 62 мемлекет ие. Енді инвестиция тартуда елшіліктерді жұмылдырмақ ләзім. Әйтпесе, бір елшілік елге қаржы тартуда белсенді болса, өзгесі бұл істе сылбыр. Мұны да бүгін үкімет басшысы сынап айтты. Сондықтан, бұдан былай шетелдегі дипломаттарымыздың да инвесторлармен жасаған жұмысы есептеліп отырады. Сондықтан болар, инвестиция бағытында кеңес беру үшін елшілерге алдағы уақытта арнайы адамдар жіберілмек.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Сыртқы істер министрлігі инвестиция және даму министрлігінің 10 басым елдегі инвестициялар жөніндегі қосымша ұлттық экономика министрлігінің сауда саясаты жөніндегі кеңесшісін жіберу үшін география кеңейту пысықталуда. 

«Инвестиция тартудың жолы» деп, елімізде дүркін де дүркін форумдар өтеді. Миллиардтаған қаржыға меморандумдар бекиді. Алайда, қол қойылған келісімдердің қанша пайызы орындалып отыр? Мұны да Бақытжан Сағынтаев есептейміз деді. Яғни енді небір инвестфорумдарды ұйымдастырмас бұрын жиынның берер пайдасы жіті екшеленіп алынбақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы