389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Словенияда ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгерінің зиратына туған жердің топырағы салынды

  • 585
  • UPD: 22:20, 23.10.2018

Екінші дүниежүзілік соғыста Словенияда қаза болған қазақ қаһарманы Кассе Себероның зиратына туған жерінің бір уыс топырағы салынды.

Астанадан барған делегация батыр жерленген Повир елді мекеніне барып қайтты. Ал тарихшылар Кассе Себероның шын есімі кім екенін зерттеп жатыр. Кейбір деректер бойынша ол 1943 жылы із-түссіз жоғалған Қасым Жақыпов деген қазақ азаматы. 

Мынау Деваче елді мекені. 1943-жылы осында Италия маршалының штаб-пәтері орналасқан еді. Құрамында Кассе Себеро болған партизан отряды оның көзін құртпақ болып, шабуыл жасаған. Арасында кескілескен шайқас болып, жерлесіміз ауыр жараланды. Қаны көп кеткен Кассе Себероны жақын маңдағы ауылға жеткізген.

Любица Елушич, тарихшы, Словенияның бұрынғы қорғаныс министрі:

- Оны Горенья елді мекеніне әкелген. Жергілікті тұрғындардың көбісі оны моңғол деп санаған. Жараларын таңып, Италиядан дәрігерді шақыртты. Сол кезде оған жас қыз Каролина Чех күтім жасап жүрген. Біз сол қыздың бейіті маңында тұрмыз. Ол Кассемен бірге партизан отрядында болған бір сарбаздың қарындасы еді. Үйлерінде жаралы партизан бар екенін ауылда бәрі білетін, бірақ фашистерге ешкім тіс жарған жоқ. Өкінішке орай, жарасы ауыр болып, бірнеше күн өтісімен ол көз жұмған.

Кассе Себеро түн ішінде жасырын түрде Повир ауылында жерленген. Жергілікті діни қызметкер тәуекелге барып, қоштасу рәсімін өткізді. Бұл әрекетті фашистер білсе, оны өлім жазасына кесер еді. Сол кезден бастап батырымыздың қабіріне бүкіл ауыл қарайласады. Қазір Повирде 330 адам тұрады.  

Эдвин Плут, Повир тұрғыны:

- Әкем 30 жыл бойы осы бейітті күтетін. Ол Кассе Себероны қатты құрметтеген. Анамыздың басына барып жүргенде біз үнемі Кассенің қабіріне де гүл мен шырақ қоятынбыз. Отанына қайтуына болатын еді, бірақ ол осында қалып, бізді қорғап, азаттығымыз үшін күресуге бел буған. Кассе Себероны ауылымызда да, айналада да бәрі біледі. Ол біздің қаһарманымыз.

Словения жерінде қаза тапқан сарбазымызға құрмет білдіру үшін қазақстандық делегация келді. Құрамында Парламент депутаттары, қорғаныс министрлігі және Австриядағы елшілігіміздің өкілдері болған. Кассе Себероның бейітіне  құлпытас орнатылып, Қазақстан Ұлттық пантеонынан топырақ салынды. Осы рәсімге Повир мен жақын маңдағы елді мекендердің бүкіл тұрғындары қатысқан.

Қайрат Сарыбай, Қазақстанның Австрия мен Словениядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Өз ерлігімен Кассе Себеро бейбітшілік үшін бар күшін салып күресу керектігін көрсетті. Соғысты болдырмау үшін, бір-бірімізді түсініп, достасуымыз қажет. Президентіміз Манифестінде бәріміз ынтымақтассақ, соғысқа себеп болмайды деп мәлімдеген. Қарапайым тұрғындардың ардагер партизандарға көрсеткен ілтипатын көрдіңіздер. Кассе Себероның зиратына туған жерінен бір уыс  топырақ салынғанына ардагерлердің де көңілі толды.  Осы елді фашизмнен арашалауға қатысқан батырымызды бәрі құрметтейді.  

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осыншама уақыт өтсе де, сол қырғын соғыстың жаңғырығы әлі бізге жетіп жатыр. Сондай жағдайдың бірі Словения жерінде қаза тапқан қазақ азаматы. Мынау жергілікті халықтың басқа көптеген елдердің патриоттары секілді фашизмге қарсы жасаған үлкен еңбегі арқасында біздің қазақ азаматының бейіті жойылмай, сүйегі жерленіп, мына бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Енді әрі қарай қазақстандық азаматтардың міндеті сол азаматтың кім екенін толықтай іздеп білу. 

Сарапшылардың айтуынша, Кассе Себеро 1943 жылы із-түссіз жоғалған Қасым Жақыпов болуы мүмкін. Тарихшылар әскери мұрағаттарды зерттеп, оның есімін анықтау үшін әлі талай еңбек атқаруы тиіс. Дегенмен, Кассе Себероның ерлігі Қазақстан мен Словения халқы арасында мәңгі достық орнауына негіз болған.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы