384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда қоғамдық көліктерге автоматты төлем жүйесі орнатылады

  • 339
  • UPD: 14:44, 26.10.2018

Көкшетауда алдағы жылдары қоғамдық көліктерге автоматты төлем жүйесі орнатылады.

Яғни, халық қазіргідей жол ақысын кондукторға емес, терминалға төлейтін болады. Бұл жаңашылдықты кейбір автобус парктері биыл жыл соңында бастамақшы. Бірақ әзірге терминал кондуктордың қолында болады. Ал кейіннен автобустың ішіне орнатылмақ. «Мұның барлығы халыққа ыңғайлы болу үшін жасалып отыр», - дейді, мамандар.

Жолаушылардың жайлылығы үшін ең алдымен осыдан 4 жыл бұрын қалада «Инфобас» жүйесі іске қосылды. Бұл қосымшаны білмейтін адам кемде-кем. Ол арқылы қоғамдық көліктің қай жерде келе жатқанын онлайн көруге болады. Дәл осындай жүйе қазір «Жолаушылар тасымалы қауымдастығында» да бар. Мұндағылар онымен шаһардың 24 бағытындағы 113 автобустың жүріс-тұрысын қадағалап отырады. Енді автоматты төлем жүйесі іске қосылса, оның жұмысын бақылау да осы диспетчерлік орталыққа жүктелмек.

Марина Ливанская, диспетчер:

- Картамен төлеу деген жолаушылардың өз ырқына берілетін нәрсе. Яғни, сіздің жолақысын төлеген немесе төлемегеніңізді қадағалап отыру қиынға соғады. Сол себепті, алғашқы кезде төлем кондукторлардың көмегімен жүзеге асады. Ал, келешекте олар қысқартылады.

Ал қоғамдық көлікте жеңілдікпен немесе тегін жүретін азаматтар үшін бөлек арнайы карта жасалады. Бұл жаңашылдыққа халық не дейді? Айта кетейік, Елбасы Жолдауда тұрғындардың жайлы өмір сүруі өңірлерде барлық жағдайды жасау қажеттігін айтқан болатын.

Амангелді Ыбыраев, зейнеткер:

- Алматыда көрдім. Енді осында да сондай карточкамен болса, жақсы болады. ақшамен ыңғайсыз бәрібір жолда жүргенде».

Әлібек Смайылов, қала тұрғыны:

Маған мәселен, картамен емес, қолма-қол төлеген ыңғайлы. Картамен терминал іздеп жүргім келмейді. Оның үстіне ол жүйе ара-тұра істен шығуы да мүмкін.

Жаңа электронды төлем жүйесін толықтай енгізу үшін кемінде 150 млн теңге қаражат қажет екен. Сондықтан бұл жұмыс біртіндеп жүзеге асырылады. Тұрғындар үшін тағы бір жаңалық, алдағы жылдары қалада жүрген автобустардың жартысына жуығы жаңартылмақ. Олар жаңа қондырғымен жабдықталған, үнемді әрі қоршаған ортаға зиянсыз газбен жүретін көліктер болады, - дейді, мамандар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы