389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жыл сайын қанша адам туберкулезден көз жұмады?

  • 553
  • UPD: 16:24, 26.10.2018
Қазақстанда жыл сайын қанша адам туберкулезден көз жұмады? 365Info

Соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезден қаза табатындардың саны 5,6 есеге азайды.

Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда туберкулезге шалдығу дерегі 100 мың тұрғынға шаққанда 52 оқиғаны құрайды. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы дерекпен салыстырғанда 2,4 есеге төмен. Соңғы 10 жылда 2008 жылдан бері өлім-жітім де 5,6 есеге төмендеді және 2017 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 3 оқиға болды», - деді ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар орталық директоры Астанада туберкулезге шалдыққан науқастар саны республика бойынша ең аз екіндігін атап өтті. Елордада бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға 2,9 адамнан ғана келеді.

«Өткен жылы республика бойынша туберкулезге шалдыққандардың саны 8 мың адамнан сәл ғана көп болды. Егер соңғы 10 жылдың динамикасын алып қарайтын болсақ, онда науқастардың жалпы саны да 2 есе азайып отыр. Қазақстан - туберкулезден емдеу, диагностикалау, алдын алу сынды барлық аспектілерді бюджет қаражаты есебінен өтеп отырған аз ғана елдердің бірі. Қазақстанда туберкулезден емдеудің әлемдегі барлық алдыңғы технологиялары қолданылады. Бұған қоса, қажетті құрал-жабдықтар барлық облыс орталығында бар», - деді Мәлік Әденов.

Айта кетейік, кеше елордада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы басталды. Халықаралық жиын қатысушыларына Елбасы Н.Назарбаев видеожолдау жолдады.

Хабар 24 телеарнасы