386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «техниканың тілін тапқан» қария ауылдастарынан көмегін аямайды

  • 355
  • UPD: 07:52, 28.10.2018

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Тереңкөл ауылында көлік жөндейтін шебер тұрады.

Амангелді Саматовтың алдына баратындар тек ауылдастары ғана емес. Көлігі бұзылғандар алыс аудандардан іздеп барып жатады. Бұл кісі жасы 70-тен асқан шағында да құралдарын тастамай, темір тұлпар иелеріне көмегін аямай жүрген шебер. 

Амангелді Саматов Оралдан 400 шақырымдай жердегі Тереңкөл ауылында тұрады. Алыс  жолда көлігінен ақау шыққандар мұндайда шебер азаматты іздейтіні рас. Жәнібектен Оралды бетке алған біздің де көлігіміз бұзылып, осында аялдауға тура келді. Қозғалтқыштың дыбысын тыңдап көрген ағамыз бірден іске кірісті. Арасында әр көліктің ерекшелігі туралы ойымен де бөлісті.

Амангелді Саматов, Тереңкөл ауылының тұрғыны, шебер:

- Бұрынғы замандағы машиналдар өзге болды, қазіргілер сәпсем өзге. Соған құрылғылар алып, хобби былай қарағанда. Оралдан келеді, көрші аудандардан, жәнібектен.

Кейіпкеріміз кезінде ауылшаруашылық институтына түсіп, кейін тастап кеткен. Дегенмен, зерек жастың ерекше білімі ауыл шаруашылығында пайдаға асты. Кеңшарда инженер, механизатор, жасақ басшысы болып еңбек етті. Кейінгі жылдары электр желілерін таратушы кәсіпорында жұмыс істеп, зейнетке шықты. 

Шамұрат Жұмашев, Тереңкөл ауылының тұрғыны:

- Ол кісі өзінің өнертапқыштығымен осы кезге дейін жастарды үйрету жөнінен, әсіресе мына техникаға, қазір пенсияда, дегенмен жастар бәрі осы Амангелдіден  келіп сұрайды машина жүрмей қалса. Сонау совхоз заманында да алдыңғы қатарылы механизатор болды. Ленин комсомолы съезіне барып келді, 16 мың центнерлік дән намолот жасады ертеде. 

Көліктің электр жабдығын жөндеуде әзірге оған тең келетін ешкім жоқ екен. Ағамыздың бұрын байланыс нашар кезде ерекше антенна жасағанын, небір спорттық сайыстарды тек осы үйден ғана қарағандарын, тіпті, автоматты түрде тербелетін бесік ойлап тапқанын ауылдастары жыр ғып айтады. Бізді қарапайым ауыл тұрғыны осыншалық білімді қайдан жиды деген сауал алаңдатты. Байқасақ, ағамыз кітапқұмар екен. Үйдегі сөреге сыймағандары ауладағы қосымша бөлмеде сықасып тұр. 

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Ағамыздың жеке кітапханасында 4 мыңдай техникалық әдебиет бар екен. Көбі сонау кеңестік заманның туындылары. Дегенмен, әлі күнге маңызын жоймағандары баршылық дейді шебер.

Техниканың тілін тауып, ауылдастарының алғысына бөленген азамат ұлды ұяға қызды қияға қондырған. Қолы босаған кезде немересін алып, ғаламторға үңіледі. «Заман ағымынан қалғым келмейді. Өйткені техника атаулы сәт санап дамып жатыр. Қазір осы салада бар білгенімді ұлдарыма үйретіп жүрмін»,- дейді шебер.   

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы