386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы шекара бекетінде көліктер ұзын сонар кезекте тұр

  • 687
  • UPD: 21:03, 29.10.2018

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу бекетінде жүк көліктерінің ондаған шақырымға созылған кезегі пайда болды.

Себебі қазанның 22-інен бастап, Шекара қызметі мен Мемлекеттік кірістер комитеті экспорттық бақылау жүргізіп жатыр. Мұның соңы осындай қиындық туындатқан. Осы қазір ғана шекара бойынан оралған әріптесіміз Ерденбек Жылқайдарұлы бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұр. Ерденбек, шекарадағы өткізу пункттерінде қалыптасқан кезек туралы соңғы ақпараттармен бөліссеңіз?

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз шекарадан осы қазір ғана оралдық. Бұған дейін әлеуметтік желіде азаматтар жазған шекарадағы кептеліс туралы ақпарат, өкінішке қарай рас болып шықты. Қазақстан жағында біз 130-дай жүк көлігін санасақ, жүргізушілердің сөзінше Ресей жақта кезек ондаған шақырымға созылады екен. Тіпті шекарадан өте алмай, тәулік жарым тұрғандары да болып шықты. 

Әлия Салиева, облыстық мониторингтік топ мүшесі:

- Қаншама машина, қаншама фура мында тұр. Ресей жақтан, Қазақстан жақтан толып қалған машина. Фурадағы кісілермен сөйлесіп қарадым олар айтады 27 сағат тұрамыз дейді, 27 сағат. Ең басты мәселесі үлкен бастықтармен сөйлесіп қарағанда, жолды үлкейту керек дейді. 

Бақытжан, көлік жүргізушісі:

- Таңғы 6-да келдік. Ел қатарлы өтіп жатырмыз. Кей кезде 8-сағат, екі сағат машинаның көптігіне, аздығына байланысты. Ұзақ тұрған жаман ғой.

Ұзын-сонар кезек жүргізушілердің жүйкесін жұқартып, азаматтардың алтын уақытын алып жатқаны ақиқат. Шекарашылар кезектің соңғы аптада, яғни шекарада экспорттық бақылау енгізілгеннен кейін пайда болғанын айтады. Ал мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерінің сөзінше экспорттық қадағалаудың кезекті көбейтуге қатысы жоқ.

Исатай Нысанбаев, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

- Мониторинг өткізу тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелерін түсіру арқылы жүзеге асырылады. Яғни  екі-үш минут алады. қазір осы таңда атқарылып жатырған жмұыс осындай. Көшірмесін аламыз, сосын орталыққа жібереміз. Әрі қарай талдау жүреді өткізілген тауарларды. Кейбір ілеспе құжаттарда жүзден астам тауар атауы болады, оны өткізіп шығару көп уақыт емес.

Дегенмен, әр көлікке қосымша үш минут керек десек, 100 көлікті жіберуге 300 минут, яғни 5 сағат уақыт қосылады.  Ал күніне 800 жүк көлігі осы өткізу пункті арқылы шекара сызығын қиятынын ескерсек, кезектің күн санап артып жатқанын аңғаруға болады. Бізбен бірге бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жанындағы мониторинг топтың мүшелері де жағдайды көзбен көріп қайтқан болатын. Дәл қазір комиссия мүшелері мен тиісті құрылым өкілдері мына менің артымдағы облыстық мәслихаттың ғимаратында мәселенің түйінін тарқату жолдарын талқылап жатыр. Ортаға тасталған ұсыныстың бірі, экспорттық бақылауды шекарашылардың мойнына жүктеу, яғни тауардың тегі мен көлемі туралы ақпаратты солардан алу. Тағы бір естігеніміз, Сырым өткізу пункті келер жылы кеңейтіліп, 8 жолақты қылып қайта салынбақ.

Хабар 24 телеарнасы