389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да бірнеше кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын көтерді

  • 545
  • UPD: 23:27, 31.10.2018

Әсіресе облыс орталығы Өскеменде орналасқан өндіріс орындары бұл тұрғыда ерекше белсенділік танытып отыр, деп хабарлады «Хабар 24» тілшісі.

«Табысымыздың артуы әлеуметтік жағдайымызды оңалтуға үлкен сеп болмақ», – дейді қарапайым еңбекшілер. 

Өлкедегі алпауыт  зауыт жетекшілері Елбасының тапсырмасына белсенді қолдау көрсетіп, келесі жылдың қаңтарын күтпей-ақ  жұмысшылардың жалақысын көтеру туралы шешім қабылдап жатыр. Бұл туралы кәсіпкерлер арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Осылайша олар өзгелерге үлгі көрсетпек. Өйткені қарапайым еңбекшілердің табысы өссе, бұл түптің-түбінде кез келген өндірістің өнім қуаттылығын да еселейтіні сөзсіз.

Шығыс Қазақстанда 57 ірі кәсіпорынжұмыс істейді, ол жерлерде мыңдаған адам еңбек етуде. Сондай өндірістердің бірі – автокөлік құрастыру зауыты. Еліміздегі маңдайалды мекемеден 590 адам кәсіп тапқан.

Осыншама адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт жақында өз ұжымының жалақысын 20 пайызға өсірді. Бұл нәпақасын осы жерден тауып отырған еңбекшілерге үлкен көмек болды. Алмас Тоқтаубаев мұнда 8 жылдан бері еңбек етіп жүр. Ол су жаңа көліктердің техникалық талап үдесінен шығуын қадағалайды. «Жас келсе – іске» дегендей, қазір маман өз кәсібіне әбден машықтанған. Енді, міне, тиісті жалақысының өскеніне дән риза.

Алмас Тоқтаубаев, техник:

- Бұрын біздің жалақымыз 150 мың теңге болған, бұл аз емес, Қазақстан бойынша жоғары жалақы, бірақ соған қарамастан жалақыны тағы 20 пайызға өсірді, әлеуметтік жағдайымыз жақсарды, тұрмысымыз жақсарды.

Аталмыш зауыт еліміздегі автокөлік өндірісі саласына салмақты үлес қосып келеді. Егер осы 9 айдың ішінде жеңіл көлік шығару 82 пайызға артса, соның 63 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі. Айта кету керек, өнім қуаттылығына сай жұмысшылар саны да көбеюде.

Ерік Сағымбаев, автоқұрастыру зауытының президенті:

- Бір жыл ішінде біздегі жұмысшылар саны 20 пайызға артты. Енді Елбасы жолдауына сай еңбекақыны да 20 пайызға көбейттік. Бүгінгі күні орташа жалақы 226 мың, ал ең төменгісі 94 мың теңгені құрайы.

Енді көш басында тұрған бұл кәсіпорындарға өлкедегі өзге де өндіріс орындары ілеспек. Келер жылдың 1 қаңтарында өңірде 24 кәсіпорын жұмысшылар еңбекақысын көтеруге әзір отыр. Осылайша Президент жолдауында көрсетілгендей, тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілмек.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин, А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы