383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан Еуразиядағы заманауи шаһарлардың біріне айналады

  • 569
  • UPD: 23:27, 31.10.2018

Түркістан қаласының аумағы 25 мың гектарға жетіп, Еуразиядағы заманауи шаһарлардың біріне айналады, деп хабарлады «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткен көшпелі отырысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Есеп беру жиынында аймақ басшысы өңірдегі бірқатар өзекті мәселелердің қашан шешілетіні жайында да айтып берді.

Негізі облыс әкімдерінің есеп беру жиыны Астанада өтеді. Бірақ бұл ережені алғаш болып Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бұзды. Бұл жолы аймақ басшысы елорда төрінде емес, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында, ашық аспан астында есеп берді. Жалпы Түркістан облысында мектеп жетіспеушілігі өзекті күйінде қалып отыр. Биыл жыл басында өңірде 12 апатты, 10 үш ауысымды мектеп болған. Мұндай білім ошақтарының дені халық тығыз орналасқан аудандардағы елді мекендерде орналасқан. Осы түйткілді мәселенің қашан шешілетінін әкімнің өзінен сұрап білдік. 

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:

- Шынын айтсам, біздің облысымызда демографиялық жағдайға байланысты 100 пайыз ешқашан шешілмейді. Себебі жыл сайын адамдар туылып отырады. Адамдың саны көбейіп отырады. Яғни біз үлгеруге тырысамыз. Алайда облысымызда 262 сабаннан салынған мектеп бар. Олар жыл сайын ескіріп отырады. Оларды да қайтадан жаңарту керек. Сондықтан бұл мәселенің бәрі біздің бақылауымызда. 8 апатты, 7 үш ауысымды мектеп, оның жартысын биыл, қалғанын келесі жылы шешеміз. Бірақ келесі жылы тағы да өсім бар. Сосын бұрынғы мектептер ескіре бастайды. Оның бәрін кезең-кезеңімен алып, жөндеп отырамыз.

Тек Түркістан облысында ғана емес, еліміз бойынша өзекті мәселеге айналған тағы бір шаруа – тұрғындарды баспанамен қамту. Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі отырысында журналистер бұл мәселенің өңірде қалай шешіліп жатқанын сұрады. 

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:

- Қазіргі таңның өзінде 2449 пәтерлі 73 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұның өзінің көлемі 167 мың шаршы метр. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2293 жер теліміне 15 нысан бойынша инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшысының айтуынша, облыста тамақ өнімдерін өндіру, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, металл емес минералды өнімдерді өндіру, дайын металл бұйымдары мен фармацевтика өнеркәсібі саласында өсім байқалады. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өңірдің экономикалық өсімінің негізгі драйверіне айналған. Ағымдағы жылдың 9 айында ірі қара малдың басы 10 пайызға артып, 972,6 мыңды құраған. Қой мен жылқыда да өсім бар. 

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:

- Нәтижесінде ет өндірісі 6,7%-ға артып, 154,7 мың тоннаны құрады. Шетелге 4 600 тонна ет экспортталып, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатарға шықты.  Республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 14,1% құрап, үлесі бойынша 2-орында.

Елбасы өз Жолдауында: «Әкімдер өңірлердегі өткір мәселелерді мейілінше тездетіп шешуге күш жұмылдыруы керек», – деген болатын. Осыған орай өңір басшысы облыста өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында сумен жабдықтау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, 2018 жылдың соңына дейін ауылдық елді мекендердің 75 пайызы орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ 2018 жылдың аяғына дейін 385 елді мекен газбен қамтамасыз етілмек. Демек облыс тұрғындарының 54 пайызы немесе 1 056 405 тұрғынды қамтиды. 

Баспасөз жиыны соңында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев құрылыс жұмыстары толық аяқталғанда Түркістан түркі әлемі мен Еуразия құрлығындағы заманауи қалалардың біріне айналатынын жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы