383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада отбасылық денсаулық орталықтарының саны артады

  • 658
  • UPD: 23:29, 31.10.2018

Елордада «Қолжетімді дәрігер» жобасы өз тиімділігін дәлелдеді, деп хабарлады «Хабар 24» тілшісі.

«Осыған дейін бас шаһарымыздың үш ауданында ашылған отбасылық денсаулық орталықтары қалалық емханалардың жүктемесін айтарлықтай азайтты», – дейді мамандар. Енді жылдың соңына дейін тағы осындай төрт медициналық мекеме ашу жоспарланып отыр.

Елорда тұрғыны Рысты Сейітова аяғына ота жасатуы керек еді. Алайда қан қысымы жоғары көтеріліп, операция уақыты шегерілді. Міне, бүгін тағы да дәрігер қабылдауына келді. «Үйдің жанында ашылған медициналық орталық тұрғындарға өте ыңғайлы», – дейді зейнеткер.

Рысты Сейітова, қала тұрғыны:

- Осының ашылғанына қатты қуандым. Өйткені былтыр, операцияны жасайды дегеннің алдында 4-ке барып жүргенде өте ауыр болды. Алдын ала жазыласың, сосын кезекте тұрасың, корпус үлкен, анда-мұнда жүгіресің. 3-4 күн бұрын жазылдым, бірден келдім қабылдап жатыр, жақсы.

Тұрғындарға қолжетімді қызмет көрсетуді мақсат ететін орталықтар елорданың 3 ауданында ашылған. Мұнда терапевт және балалар дәрігері қабылдау жүргізеді. Жылдың соңына дейін тағы осындай 4 медициналық мекеме, ал келесі жылдың бірінші тоқсанында 6 орталық ашу көзделіп отыр.

Ұлбала Умралиева, Отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі:

- Астана қаласының өсуіне байланысты, миграциялық өзгерістің нәтижесінде бір қалалық емханада көрінетін адамдар өте көп. Бір дәрігерге нормада 2200-дің орнына 3000 көлемінде науқас қабылдап, ауыртпалықтар болып жүрді. Жалпы, медициналық көмектің бір дәрігерге халықтың саны азайған жағдайда көмектің сапасы жақсарып, емдеу мәселесі жақсарады деп ойлаймын.

«Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жобасы да медициналық көмектің сапасын жақсартады», – дейді мамандар. Осыған орай келесі жылдан бастап еліміздегі барлық емханалар қағазсыз жұмыс істей бастайды. Яғни мекемеге тіркелу, дәрігерге алдын ала жазы­лу, кез келген анықтамалар электронды түрде жүргізіледі. Бүгінде елордада 1 млн-нан астам азаматқа электрондық денсаулық сақтау паспорты ашылды. Осылайша сандық технологияның күшімен дәрігерлер жүктемесі екі есеге азаяды. Ақхалаттылар мен науқастардың уақыты үнемделеді. Сондай-ақ ұзын-сонар кезек мәселесі шешіледі. 

Жанна Искалиева, қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

- Астана қаласы әкімдігімен қазіргі таңда «Смарт медицина» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаның мақсаты процесті цифрландыру ғана емес, сонымен қатар диагностикалау және емдеу процестеріне қосымша цифрландыру жүйесін енгізу болып табылады. Қазіргі таңда осы жоба шеңберінде 8 мыңға жуық дәрігер қосымша оқудан өтті.

Сонымен қатар биыл қалалық емханаларда қосымша 68 учаске ашылады. Тиісінше дәрігерлер мен медбикелердің жалақысын көтеру жоспарланып отыр.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы