375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде құрылған еңбек жасақтары жобасы еліміз бойынша үздік атанды

  • 688
  • UPD: 21:31, 01.11.2018

Сыр өңірінде қолға алынған «Еңбек жасақтары әлеуметтік қызметті ұйымдастыру» жобасы республикада үздік атанды.

Соңғы бес жылдан бері облыста «Жас құрылысшыларының» белсенділігі жоғары. 16 мен 29 жас аралығындағы 1600-ге жуық қыз-жігіт маусымдық жұмыспен қамтылған. Құрылыс нысандарынан бөлек жас қызылордалықтар күріш зауыттары мен жылу электр орталықтарында тер төгеді. Қайырымдылық шаралардан да шет қалмай, тұрмысы төмен отбасылардың үйін жөндеп, тазартып беріп жүр.

Әлеуметтік жобаның басты тиімділігі ол – еңбек өтілі жоқ жастардың екі қолға бір күрек табуына септігін тигізеді. 24 жастағы Алмат Алмасов колледж бітіріп, жұмыс таппай біраз жүрді. Содан жастар ұйымдары арқылы еңбек жасағы туралы естіп, дереу өтінім береді. Міне қазір Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қаланың құрылысына атсалысып жүргеніне айдан асты.

Алмат Алмасов, құрылысшы:

- Осы кездегі міндетім түрлі бағыттағы жұмысшы. Алдағы уақытта жұмыс барысында өзімді жақсы жағынан көрсетіп, жақсы дәрежеге жетіп, қаланың дамуына, көркеюіне үлес қоса беру. Сол жастарды шақырамын келуге, осылай жұмыс істеуге, үлес қосуға шақырамын.

Сәдірбек Жұмабеков, жас құрылысшылар жасағының жетекшісі:

- Жылдан жылға жұмысқа тұру көрсеткіші және жұмысқа тұру сапасының артуы бұл межелеген мақсаттың орындалып келе жатқандығының айқын көрінісі. Тіптен кейінгі уақыттарда құрылыс мекемелері арнайылап бізден маман сұратуы бұл жастардың табандылығының арқасы, жұмыс жасаған сарбаздардың еңбекқорлығының арқасы деп білемін.

Аймақ жұртының 25 процентін құрайтын 200 мыңға жуық жасты оң арнаға бұрып, ел дамуына жұмылдыру мақсатында белсенді жұмыс істейтін өңірде 45 қоғамдық ұйым бар. Ағымдағы жылы еңбек жасағына 300-ден аса, ал «Жасыл ел» қатарына мыңнан астам кейінгі толқын өкілдері тартылған жастар ұйымдары маусымды жемісті қорытындылады.

Қуаныш Жанұзақов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Тағы бір ерекшелік - біздің аймақта педагогикалық отрядтардың да студенттерді тартып, олардың жұмысын үйлестіруге бағытталған жобалар жүзеге асуда. Аймақта қанша дегенмен жастар арасында жұмыссыз жастар мәселесі бар. Яғни соларды шешу мақсатындағы бірден-бір жобалар келер жастар жылында жалғасын табады.

Елбасының қазақстандықтар алдына қойған «Цифрландыру», «IT» саласын дамыту тапсырмасын жүзеге асыруда да кіші буын өкілдері белсенді. Түрлі топтағы жастардың әлеуетін көтеру бағытында өңірде 13 әлеуметтік қызмет жүзеге асырылып жатыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы