386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дайын үйлер халыққа берілмей жатыр

  • 491
  • UPD: 23:39, 06.11.2018

Өңірлерде құрылысы аяқталған көпқабатты үйлер халыққа берілмей отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Себебі, тұрғын жайларға инфрақұрылым жетпеген. Су, жылу мен жарық тарту үшін қазынадан бөлінген қаражат әлі күнге дейін игерілмепті. Бүгін осындай сылбырлықтары үшін әкімдер Үкімет басшысының сынына ілікті.

Үй бар. Бірақ инфрақұрылым жоқ. Мысалы, Петропавлдағы «Береке» шағынауданында бесқабатты 3 үй дайын. 230 пәтерлі тұрғын жайдың құрылысы 2017 жылдың желтоқсанында аяқталыпты. Яғни бір жыл уақыт өтті. Семейде де осы. Шығыстағы шаһарда 10 қабатты 3 үй былтырғы қарашада бой көтерген. «Үйі бар, суы мен жылуы жоқ» тізімде Шымкент пен Ақтөбе де тұр. Биыл қазынадан бөлінген қаражаттың тең жартысы осы инфрақұрылымға бағытталған. Яғни бюджет қаржысы тағы да игерілмеді. Кемшілікті тізбектей келе Үкімет басшысы әкімдерге жыл соңына дейін әлгі дайын тұрған баспаналарды пайдалануға беруді міндеттеді.

Хош. Жалпы биылғы 9 айда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ел ішінде 9 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген. 77 мыңдай отбасы тұрғын жайын жақсартып, 10 мыңға тақау жанұя мемлекет есебінен салынған баспаналардың кілтіне ие болды. Үй құрылысы қарқынды елде. Тек екі-ақ өңірде көрсеткіш кемшін.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- 2017 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 2 өңірде төмендеді. Олар – Астана қаласы және Қызылорда облысы.

Тұрғын үй құрылысына жұмсалған инвестиция былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31,5 процентке артқан. Ендігі жоспар ауқымды.  Мақсат – халықты жаппай баспанамен қамту. Бұл тұрғыда «Нұрлы жердің» шарапаты мол болмақ.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша елімізде жаңадан салынатын үйлердің үлесін 15 жылда екі жарым есеге арттыру көзделіп отыр. Демек Қазақстанда алдағы уақытта әлі де 1,5 миллион шаңырақ, яғни жылына 100 мың пәтер халық игілігіне берілмек. Ал 2019 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 10 млрд теңгеге ұлғаяды. Яғни бұл бағытта жұмсалатын жалпы сома 35 млрд теңге болмақ. Бұл жыл сайын қосымша мың пәтерді өткізуге мүмкіндік береді.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Мақсаттың мінсіз орындаларына сенейік. Жә. Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл бағытта бәсіміз жоғары. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстан әлемдегі үздік 30 елдің қатарына қосылды. Doing Business 2019 рейтингінде еліміз 28-орынға көтерілді. Тіпті, Испания, Франция, Польша, Португалия, Швейцария, Жапония, Түркия бізден кейін тұр. Білесіз, бұған дейін Елбасы кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау үшін мың шақты заңға қол қойды.

Кедендік кедергілер азайды. Үздіктер сапынан көрінуімізге осының бәрі себеп.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында біз жетекші орынға ие болдық.

«Атамекен» палатасына әкімшілік кедергілер бойынша кәсіпкерлер тарапынан түсетін шағымдар да азайған. Яғни елде бизнес үшін қолайлы жағдай бар. «Ендігі міндет – халықаралық сауданы дамыту», – деді Үкімет басшысы.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы