385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында балалар үйлерінің саны азайып келеді

  • 574
  • UPD: 17:51, 11.11.2018

Ертіс өңірінде балалар үйлері біртіндеп жабылып жатыр.

Осыдан тоғыз жыл бұрын ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектерге арналған 19 білім беру ұйымы болса, қазір олардың қатары оннан асады.

Ұл-қыздарға жан жылуын сыйлап, бауырына басқысы келетін мейірімді жандар да көп.

Алексей Лодочников – Тереңкөл ауданындағы балалар үйінің түлегі. Өнерімен танылған жас қолы босаса, туған балалар үйіне баруды дәстүрге айналдырған.

Тереңкөл ауданындағы балалар үйінде 45 бала тәрбиеленеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын олардың саны екі есе көп болатын. Соңғы уақытта 35 ұл-қыз жаңа ата-анасымен қауышты. 9 жасар Артем де қатарластары сияқты толыққанды жанұяда өскісі келеді.

Артем, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- Маған ұнайды математика, дене шынықтыру, әдебиет оқу жане қазақ тілі. Мұғалімдер жақсы. Мен өскенде өрт сөндіруші боламын.

Осындай үрдіс облыстағы барлық балалар үйлерінде байқалады. Жабылған ұйымдар оқушылардың демалыс орындарына айналған.

Үміт Қабышева, балалар үйінің директоры:

- Асырап алушылардың қатарында облыс тұрғындарынан басқа өзге өңірлердің азаматтары бар. Мәселен, жуырда екі баланы ақтөбелік отбасы бауырына басты. Ұл-қыздар жаңа отбасы тапса игі. Балалар бақытты болуға лайық.

Гүлмира Байғазинова, облыстық білім беру басқармасының бас маманы:

- 2010 жылы облыста 19 балалар үйінде 810 жеткіншек тәрбие алды. Ал биыл олардың қатары 11 ұйымға азайды. Бүгінде балалар үйлерінде 379 тәрбиеші тұрады. Ата-ана атанғандарға мемлекет тарапынан қолдау бар.

44 жастағы Талғат Халықов пен зайыбы Әсел бес баланы бауырына басты. Бастапқыда егіз Расул мен Ерхатты асырап алмақшы болыпты. Балалар үйіне барғанда, ағайынды үш баланы көріп, оларға да ата-ана болуды жөн санапты.

Талғат Халықов, Железин ауданының тұрғыны:

- Міне, бірден екі ұл ұнады. Өзім де үлкен отбасында өскенмін. Сегіз бала болып өстік бір үйде. Сондай арман болып еді. Өзімде бір-ақ бала болған. Бақыттымын, бақыттымын. Міне, балалар айнала «әке» деп жүгіріп жүр, жүрегім дүрс-дүрс етеді. Одан артық не керек?

Рамиля Рашитова, балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі:

- Анам мен әкем өте мейірімді. Бізге жақсы адам болып өсуді үйретеді. Біз олардың үмітін ақтау үшін тек «4» пен «5-ке» оқимыз.

Павлодар өңірінде биыл бала сүйгісі келетін азаматтар 300 баланы қабылдаған. Патронаттық тәрбиеде 122 ұл-қыз болса, 1239 бала қорғаншылықта. Балаға жан жылуын сыйлаған азаматтар Қорғаншы күні мерекесінде сый-құрметке ие болды.

Зоя Серуен, Тереңкөл ауданының тұрғыны:

- Үй болған жоқ. Жағдай, анау-мынау деп жүргенде уақыт өтіп кетті. Содан кейін бес жылдан кейін кірістім. Аллаға шүкір, қазір екі балам бар. Біріншісін кішкентайынан, жөргектен алдым. Екіншісін осында Павлодар балалар үйінен алдым.

Авторлары: Ақмарал  Есімханова, Марат Игіліков, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы