387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарыағашта заманауи спорт кешені ашылды

  • 844
  • UPD: 09:11, 12.11.2018

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында заманауи спорт кешені ашылды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдаралмасының «Туған жер» жобасы аясында ел игілігіне ұсынылған ғимаратты жергілікті кәсіпкер өз қаржысына салдырған. Жобалық құны 500 млн теңге болатын орталықта бір мезетте 500 адам спортпен шұғылдана алады. Осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек рет-ретімен баяндайды. 

Сарыағаштық Сұңқар Бердалы жастайынан спортқа жақын. Бозбала әсіресе, жүзу спортын жақсы көреді. Жерлес ағаларының туған жерге жасаған тартуы - ауыл балаларының қуанышын еселеп, спортқа деген қызығушылығын одан сайын арттырған. Ал 20 метрлік жүзу бассейні ауыл жұртының сүйікті орнына айналған. 

Сұңқар Бердалы, Сарыағаш ауданының тұрғыны:

- Ауылымызда осындай бассейн ашылғанына қуаныштымыз. Қол бос кезде осында кеп шомылып тұрамыз. Суы да мұнтаздай таза. Еуро стандартқа сай соғылған бассейн. Осы бассейнді соққан ағаларға алғыс айтамын.

Еңселі ғимарат салып, елдің ыстық ықыласына бөленген атымтай жомартты біз де көре алмадық. Есесіне ауыл жастарының барлығы осында. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға ден қойған. Бұнда жүзу бассейні, футбол алаңы, тренажер залдары, одан бөлек күрес, бокс үйірмелері жұмыс істейді. Қыздарға арналған аэробика, би алаңдары да қарастырылған. Жақында осы нысанның ішінен спорт мектебі ашылмақ. Сол кезде ауыл жастары спорттың бірнеше түрімен айналыса алады. Бұл кешеннің құрылысына кәсіпкер 500 миллион теңге қаржы құйыпты. Ең бастысы, қыруар қаржыны қалтаға баспай, туған жерді түлетіп, ауылдың ажарын ашуға жұмсаған. 

Дүйсен Ермекбаев, спорт кешені директорының м.а.:

- Жақында бұл жерден спорт мектебін ашып жатырмыз. Бұнда 500 бала спортпен шұғылдана алады. Құдай қаласа, жас чемпиондар шығарамыз деген ойдамыз. Сарыағаштан да Головкиндер, Бекзат Саттарханов сияқты боксер жігіттер шығады. Ауылдан шыққан жігіттер Қазақстанның туын желбіретеді деген ойдамыз.

Спорт мектебі ашылған кезде бұнда 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Олардың дені спорт мамандары мен жаттықтырушылар болады. Ауыл спортын жандандыруды ойлаған кәсіпкер тағы да бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірақ әзірге оны жарияламауды өтінді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы