389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында браконьерлерден 18 тонна балық тәркіленді

  • 553
  • UPD: 22:58, 12.11.2018

Жайық-Каспий бассейнінде күзгі балық аулау маусымы таяп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгінде Атырау облысындағы 17 шаруашылық балық аулаумен және өңдеумен айналысады. Оларға бөлінген жылдық лимит 10 мың 758 тонна. Бірақ өңірдегі браконьерліктің өршуі заңды тұлғалардың жұмысына қолбайлау болып тұр. 

Жайық өзені бойынша жүргізілген рейдтік шараның бір күнінде 150 метрлік 15 ау құралы судан шығарылды. Балықтар мемлекет пайдасына кірістеліп, құралдар жойылды. Бүгінде браконьерлер арасында Қытайдан шығатын жіңішке талшықты полипропилен ау құралдары кеңінен қолданылуда. «Химиялық қосындыдан тоқылған мұндай аулардың залалы орасан зор», – дейді мамандар.

Бүгінде балық қорғаушылардың бас ауруына айналып отырған қытай сеткасы деген – осы. Бұған шырмалған тек балық емес, тірі мақұлық аман қалмайды екен. Себебі, ол су астында 50 жылға дейін сақталады.

Бауыржан Мәкімов, Дамбы балық қорғау инспекциясының бас маманы:

- Күнделікті осылай күресудеміз. Бұл Қытайда жасалған ау құралдары қазіргі таңда қала базарларында, сауда орындарында еркін саудада жүр. Осыған енді тосқауыл қою секілді шаралар қолдану керек.

Браконьерліктің белең алуы балық өндірістік кооперативтердің балық аулауға бөлінген лимиттерін игеруіне кері әсер етуде. Ақ айдын бетіндегі келеңсіздік салдарынан биыл бөлінген лимиттің 60 пайызы ғана орындалыпты. Балықшылар заңды жолмен айдын бетінен несібе тарту жыл санап қиындап бара жатқанын айтады.

Берік Таңбергенов, өндірістік коопеартивтің балық тапсырушысы:

- Біз инспекторлардың ешқандай нұсқауын бұзып жатқан жоқпыз. Айтқан талабымен жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы балықтың жүрісі жақсы болды, қазір балық азайып кетті.

Әрине, құзырлы органдар да қолдан келгенін атқарып жатыр. Соның нәтижесі болар, инспекторлар өткен 10 айда табиғат пайдаланушысына қатысты 1860 құқық бұзушылықтың бетін ашты. Браконьерлерден 18 тонна балық алынып, 1318 ау құралдары мен 265 су көлігі тәркіленді.  Жайық-Қиғаш өзендерінде табиғат пайдалану заңдылықтарын бұзған  тұлғаларға қатысты 301 материал әкімшілік сотқа жолданған. Олардан қазынаға 18 миллион 700 мың теңге қаржы қайтарылды. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы