387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының форумы басталды

  • 1991
  • UPD: 20:25, 14.11.2018

Елордада «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының алғашқы республикалық форумы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

1 миллионнан астам мүшесі бар саяси ұйымның тарихында мұндай ауқымды жиын партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ұйымдастырылған. Басқосуда партияның бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандыру жайы талқыланып, басым бағыттар белгіленеді. 

Республикалық форумға еліміздің әр өңірінен 600-ден астам делегат келді. Олардың қатарында бастауыш партия ұйымдары мен филиалдарының басшылары және белсенді мүшелері бар. Бұған дейін олар Шымкент, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе қалаларында өткен аймақтық форумда бас қосты. Ол кезде партиялық брендтің сапасын арттырып, жұмысын жандандыру тетіктерін жүзеге асыруға қажетті тұжырымдама әзірленген.

Ғани Әбдісадық, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы /Маңғыстау облысы/

- Ол тұжырымдаманың ішінде ұйымның қызметін жаңғыртуға арналған 10 қадам қарастырылған. Жалпы ұйымға мүшелерді алудан бастап, талаптардың барлығы жаңартылып, сол мүшелерді қызметі барысында қалай сапасын жоғарылатып, қалай оқытамыз, карьерасы бойынша қалай жылжытамыз, зейнет жасына жеткен, осы партияға, елге еңбегі сінген азаматтарды қалай құрметтеп шығарып саламыз деген екі аралықтағы мәселенің барлығы толық егжей-тегжей қарастырылған.

Партия жұмысын сараптау барысында бірқатар кемшін тұстар да айтылды. Яғни бастауыш ұйымдардың партия филиалдарымен және Орталық аппаратпен байланысы жүйелі жолға қойылмаған және оларды қаржыландырудың ретсіздігі тағы бар. Сонымен қатар материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі. Міне тұжырымдамада осы олқылықтардың орнын толтырып, түйткілдерді тиімді шешудің жолдары көрсетілген.

Ержан Құттыбаев, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы:

– Қазір рухани жаңғыру, экономикалық жаңғыру жүріп жатыр. Яғни партиялық жаңғыру да керек бізге. Мына тұжырымдаманың мақсаты – осы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру. Тұжырымдамада көрсетілген партия мүшелерін кадрлық резервке алу. Жарғыға да өзгерістер енгізу көзделген. 3 мың мүшесі бар бастауыш партия ұйымдарына филиалдың құқығын беру туралы бұл өте орынды мәселе.

Форумға партия мүшелерінен бөлек, министрлік өкілдері және шетелдік сарапшылар шақырылған. Жиынның алғашқы күнінде олар партия жұмысын оңтайландыруға арналған панельдік сессияларға қатысып, түйткілді мәселелерді шешуге атсалысады. Шара екі күнге жалғасады. Ертең партияның үздік бастауыш ұйымын марапаттау жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде «Нұр Отан» партиясының 6 мыңға жуық бастауыш ұйымы бар.

 

Хабар 24 телеарнасы