384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да күн электр станциясы салынады

  • 939
  • UPD: 23:20, 15.11.2018

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өңірге инвестиция тарту үшін халықаралық қаржы институттарымен тығыз жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазірдің өзінде Еуропалық қайта құру және даму банкімен жалпы құны 87,5 миллиард теңгенің жобасы бойынша келісімшартқа қол қойған. Бейжіңде өткен Орталық Азия инвестициялық форумы аясында да бірқатар жобаны жүзеге асыру бойынша құжаттарды бекітті. Қытай астанасында өткен ауқымды шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қатысты. Оған халықаралық бизнестегі іскер топ өкілдері, саясаткерлер мен Орталық Азиядағы инвесторлар, барлығы 500-ге жуық мейман келген.

Шығыс Қазақстан әкімдігі Бейжіңде өткен Орталық Азия форумының аясында да сүбелі құжаттарға қол қойды. Соның бірі Өскемендегі қоғамдық көлікті модернизациялау үшін 5,4 миллиард теңгенің келісімшартын бекітті. Жоба бойынша Еуро-5 талабына сай 85 автобус алынады. Экологиялық таза қоғамдық көліктер 2019 жылдың екінші жартысында жеткізіледі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Біз үшін тек инфрақұрылымдық жобалар ғана емес, өңірдегі қалалар мен аудандарды сумен қамту жобасы да маңызды. Сондай-ақ бүгін өте маңызды облыстағы алғашқы 34 Мвт қуат өндіретін күн электр стансасын салу туралы келісімге қол қойдық.

Жоба Жарма ауданында жүзеге асырылады. Оның құны – 17,5 миллиард теңге. Ол үшін 66 гектар жер бөлінген. Техникалық-экономикалық негіздемесі де дайын. Бүгінде Шығыс Қазақстан Еуропалық даму банкімен жалпы құны 70 миллиард теңгенің 12 инвестициялық жобасын іске асырып жатыр.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Жалпы бізде түрлі саланы қамтитын 100-ден астам жоба бар. Оның жалпы құны 297 миллиард теңгені құрайды. Бір сөзбен айтқанда, Еуропалық банкпен жұмыс істеу үшін үлкен мүмкіндік бар.

Шығыс Қазақстан әкімдігі қазір 31 миллиард теңге тұратын 7 жоба бойынша несиелік келісімшартқа отырған. 39 миллиардқа жуық тағы 5 жобаны жүзеге асыру үшін алдын ала уағдаластық бар.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы