384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 13 мың тұрғын ауылға көпір салып беруді сұрап отыр

  • 434
  • UPD: 20:01, 16.11.2018

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында 18 ауылдық округ болса, соның 6-ы Жайықтың сол жағалауында орналасқан.

Осы ауылдарды мекендейтін 13 мың халықтың аудан орталығына байланысы қиындап тұр. Себебі көпір болмауына байланысты тұрғындар Жайық өзенінен пароммен өтеді. Мұз қатып-еритін көктем мен күзде, дария тасығанда қатынас та үзіледі. Жұртшылық Орал арқылы айналуға мәжбүр болады. Мұнан әбден қажыған тұрғындар болса жергілікті биліктен көпір салып беруді сұрап отыр. 

Әбілқайыр Әміржан көптен бері паромшы болып еңбек етеді. Күн сайын арғы беттен ондаған көлік пен жүздеген жолаушыны өткізеді. Жазда жұмыс жеңіл болғанымен, қазір қатынас қиындады дейді ол. Әсіресе жедел жәрдем түнде келсе, сырқаттарды қайықпен тасуға тура келеді екен.

Әбілқайыр Әміржан, Чапаев ауылының тұрғыны:

- Таңертең обедке шейін мұз болды. Балаларды алып келді, айқай-шу. Мына паром мұз ғой, мост жоқ.  Арғы бетте халықтар осылай. Мыннан скорый келіп тұрады. Түнде келсе қайықпен барамыз, далаға қалдырмаймыз. 

Ақжайық ауданындағы 18 округтің 6-ы арғы бетте. 13 мыңдай халық бар. Олар қыста мұздың үстімен, жазда пароммен өтеді. Ал көктем мен күзде, қатынас үзіледі. Аудан орталығына жету үшін тұрғындар Орал арқылы кетеді. Жақын жол алыстайды. Мәселен, Көнеккеткен ауылы тоғай ішімен төтелей түссе Чапаев кентіне 35 шақырым ғана. Ал айналып барғанда 300 шақырымға жуықтайды. 

Людмила Ұзақбаева, Көнеккеткен ауылының тұрғыны:

- Таңмен 9-да келдік. Содан 11 жарымға шейін тұрдық осы жерде. Мына істеп жатқан қызметкерлерге өте қиын болды. Ал осылай бола ма? Енді ешқандай шаруа біткен жоқ, қайтып келе жатырмыз.

Максим Темірболатов, Ақжайық ауданының тұрғыны:

- Мектеп келеді, медпункт келеді, ішінде ауру адамдар бар. Мына тұрған мұз толып тұрады. Соның бәрін ойып-ойып өткіземіз, бір-бірімізге көмектесіп. Көпір салу керек, паром салу керек, сондай бірдеңе істеу керек ғой. Әйтпесе халыққа өте қиын. Ана жігіттердің еңбегі белшесінен. Су-су болып, мұз болып жүреді.               

Чапаев ауылының тұсынан көпір салу мәселесі көптен көтеріліп келеді. Стратегиялық нысанның қажеттілігін дәлелдеп жүргендердің қатарында Дәулетжан Жақсыбаев та бар. Ол 10 жылдай аудандық мәслихат хатшысы болыпты. Айтуынша, көпір салынса, Самара-Шымкент жолы мен Орал-Атырау жолы қосылады. Жәнібек арқылы Ресейдің Еділ бойына төте қатынас пайда болады. 

Дәулетжан Жақсыбаев, Ақжайық аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

- Бұл көпір тек Ақжайық ауданына ғана қажет емес, тек онымен шектеуге болмайды. Облыс үшін де стратегиялық маңызы бар, тіпті республикада маңызы бар. 40 жыл бұрын қозғалған мәселе ғой. Аяқсыз қалып қойды. Жоба-сметасы бірнеше дүркін жасалды. Менің білетінім, екі дүркін жасалды оншақты жыл ішінде.             

Күні бүгін соңғы жоба сараптамадан өтуде. Құрылыс құны 34 миллиард теңге.  

Қазбек Меңеев, облыстық  жолаушылар көлігі және АЖ басқармасы басшысының м.а:

- Неге қымбат десеңіз, көпірдің өзі шақырым жарым ұзындығы. Оған жайылма көпір 1км 400 метр. Сосын келетін жолдары бар, бәрі бүкіл ұзындығы 12 км сосын осындай қақы шығып тұр. Жыл аяғына дейін мемлекеттік сараптамадан шығады. Сосын әрі қарай жұмыстар басталады ғой, ақша сұрау.       

Жайық өзені арқылы көпірдің қажеттігі дау туғызбайды. Тұрғындар таяу жылдары осы маңызды мәселе оң шешілсе деп үміттенеді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы