384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да кейбір тұрғындар әлі күнге көмірсіз отыр

  • 587
  • UPD: 21:05, 20.11.2018

Шығыс Қазақстан облысында атқарушы билік биыл әлеуеті әлжуаз отбасылар үшін көмір шығаратын кеніштермен 36 мың тонна қатты отын алуға меморандум жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда қыс басталмай жатып, бұл шекті мөлшер таусылып қалды. Тек Өскемен қаласының өзінде әлеуметтік көмір алуға тиіс 1 мыңнан астам отбасы кезегін күтіп отыр.

Өскемен қаласының тұрғыны Сейітхан Қалижанов әлеуметтік көмірге тапсырысты қыркүйек айында берген. Содан бері аптасын бір рет барып, кезегін біліп қояды. Алайда кезектің жылжитын түрі жоқ. Үшінші топтағы мүгедек қазір көмірді жора-жолдастары мен туған-туысынан қаппен алып, жағып отыр.

Сейітхан Қалижанов, қала тұрғыны:

– Мүгедектігім бойынша әлеуметтік көмірге жазылғанмын. Екі айдан асты. Бір жұмадан кейін береміз деген. Тағы бір жұма тосып отырмын.

Өскемен қаласында 7 мыңға жуық отбасы әлеуметтік көмір алады. Бүгінге дейін әлі бір мың түтін өз кезегін күтіп отыр. Қаражыра кенішінде меморандумға сәйкес әлеуметтік бағамен сатылатын 300 тоннадан астам ғана көмір қалған.

Сергей Денякин, қалалық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері  кеңесінің төрағасы:

– Сол жағалау көмір қоймасынан берілген шектік мөлшер бітті. Енді «Защита» теміржол тұйығында әлі де 350 тоннаға жуық көмір бар. Жалпы әлеуметтік көмір тізімдегі отбасылардың бәріне бірдей жетпейді.

Әлеуметтік көмірдің бір тоннасының құны – 8350 теңге. Өскемен қаласы бойынша жеткізіп беру – 6 мың теңге. Ал жеке алыпсатарлар тек жеткізіп бергеніне 15-20 мың қаржы алады. Бірақ қазір таситын қатты отын қат болып тұр.

Ерқайрат Сейітов, әлеуметтік көмір тасушы:

– Қыркүйектің 16-нан тасып жатырмыз. Енді қазан, қараша айы тұр. Маусым айынан бастап тасып жатырмыз, әлі бітіре алмадық. Жылда осы уақытта бітіріп қоятынбыз.

Қазір Өскемендегі көмір тарататын теміржол тұйықтарының алдында көліктерден керуен түзілген. Кезек үшін күнде қызылкеңірдек. Тіпті жаяу адамды көліктер таптап кетуге дайын.

Бұрын қалдағы қоймаларға күніне 17-18 вагон көмір келетін. Қазір көп дегенде, 8-9 вагон ғана жеткізіледі. Ал кей күндері мүлде болмай қалады. Қойма басшыларының айтуынша, Қаражыра кеніші көмір тасымалын шектап тастаған. Оны қадағалау тікелей жергілікті атқарушы биліктің құзырында

Асхат Бұқатов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Жоспар бойынша жергілікті әкімдіктерге тізім берілді. Әр тізім бойынша көмір жеткізілгеннен кейін белгілеп отырады. Жоспар бойынша беріледі деп олаймын.

Жалпы облыс халқы бір қыста 1 миллион 141 мың тонна көмір жағады. Бүгінге дейін 88 проценті жеткізілген. Ал әлеуметтік бағадағы көмірді алу үшін әлуеті әлжауаз отбасылардың әлі де күте тұруына тура келеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов, Роман Родинов

Хабар 24 телеарнасы