386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Солтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметкерлер қыркүйек айында 663 сағат артық жұмыс істеген

  • 945
  • UPD: 21:19, 20.11.2018

Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік қызметкерлері қыркүйек айында 663 сағат артық жұмыс істеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, білім басқармасындағылар үйіне кеш қайтады.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері департаменті арнайы сауалмана жүргізді. Сөйтіп, қас қарайғанша кабинетте отыратындар кім? Басшы ма, қатардағы қарапайым маман ба?

Индира Бәженова жұмысы бітсін-бітпесін, тура 6 жарымда үйіне кетеді. Бас маманның қалатын уақыты да жоқ. Шаруасы шаш етектен. Басқа да баратын жерлері бар.

Индира Бәженова, ҚР МҚІМ СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Қазір компьютер сөнгеннен кейін мен үлкен баламды мектептен аламын, кіші баламды балабақшадан алып, олармен бірге үйге барамын. Содан мен келесі күнге дайындық жасаймын. Үлкен баламмен сабақ оқимын. Одан да басқа міндеттерім бар.

Оның әріптестері де кешікпейді. Мемлекеттік қызмет істері департаментінде жұмыс уақытын реттейтін арнайы бағдарлама бар. Ол әр қызметкердің нешеде келіп, нешеде кеткенін көрсетеді.

Сәуле Тайғұлина, ҚР МҚІМ СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Жұмыс аяқталған кезде, компьютер сөнеді. Егер компьютерді жұмыс аяқталған кезде біреу қосса, ол автоматты түрде тағы да өшіп қалады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Twitter@91Aidarbek

– Қазір сағат кешкі жеті. Жұмыс уақыты жарты сағат бұрын аяқталды. Бірақ біз бақылаушылармен бірге мемлекеттік қызметшілер жұмыс орнында отыр ма, жоқ па, соны тексереміз.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов қол астындағы қызметкерлері үйге кетсе де, жұмыста отыр. Оның айтуынша, бұл - әркімнің өз қалауы.

Қабиден Сәдуақасов, облыстық табиғи ресурстар пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Осындай уақытта істеу керек, уақытта келу керек деген дұрыс емес. Өйткені әр адамның өзінің қабілеті бар. Біреуі жұмыс уақытында үлгереді, біреуі үлгере алмай қалады.

Мемлекеттік қызмет істері департаменті қызметкерлер арасында сауалнама жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, олардың қыркүйек айында 663 сағатқа артық жұмыс істегені анықталды. Бұл – 29 күн.

Ғани Жалби, ҚР МҚІМ СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасында 16 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. Соның 14-нен сауалнама алдық. Оның 14-і де артық жұмыс жасайтынын атап көрсетті.

Бір қызығы, шамадан тыс жұмыс істейтін мекеме басшыларын жауапқа тарту мүмкін емес. Еңбек басқармасына биыл бірде-бір шағым түспеген. Ал мемлекеттік қызмет істері департаменті тек ұсыныс айта алады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы