387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызметкерлеріне артық жұмыс істетіп, ақы төлемеген басшылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

  • 577
Қызметкерлеріне артық жұмыс істетіп, ақы төлемеген басшылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Мемлекеттік қызметкерлердің белгіленген жұмыс уақытынан артық еңбек етуін қалай тоқтатуға болады?

Осы сауал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әдеп жөніндегі комиссия отырысында талқыланды. Қазірде қызметкерлердің жұмысқа шамадан тыс жегілуін шектеу мақсатында бірнеше тәсіл қолданылып жатыр. Сараптамалық зерттеу де жүргізілді. Агенттік үш министрлікті назарға алған. Нәтижесінде бір ғана қыркүйек айында Ұлттық экономика министрлігінің қызметкерлері жалпы саны 5 мың сағаттай артық жұмыс істеген. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер 3100, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері 552 сағат жұмыс орнында артық кідірген. Тіпті кейбір қызметкерлер демалыс күндері де жұмысқа шыққан. Бұл – мемлекеттік мекемелердің кіре берісіндегі СКУД - аппаратынан алынған мәлімет. Сондай-ақ комиссия отырысында қызметкерлерге ыңғайлы жұмыс кестесін әзірлеу мақсатында сауалнама жүргізіліп жатқаны және жұмыс уақытынан кейін компьютердің автоматты түрде сөндірілуі туралы ұсыныстар талқыланды. Кеңес мүшелері қызметкерлерін жұмыстан тыс ұстаған және осы үшін артық ақы төлемеген басшыларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын де еске салды.

Равиль Төлебаев, ҚР МҚІСЖҚА мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің директоры:

– Мемлекеттік мекемелердегі компьютерлерді автоматты түрде сөндіру жүйесі енгізілген. Алайда оның жұмысы бүгінгі күнде жетілмегенін байқап отырмыз. Жұмыстан кейін мемлекеттік қызметкерлер басшының рұқсатынсыз өздері де ұзарта алатынын көрдік. Осы сұраққа байланысты жағдайды қарастыратын боламыз. Тиісінше ұсыныстар осы әдеп жөніндегі комиссияның мүшелерімен берілетін болады.

Хабар 24 телеарнасы