382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулықтар ЕХРО жобаларының игілігін көре бастады

  • 465
  • UPD: 21:46, 20.11.2018

«ЕХРО 2017» көрмесі елімізде баламалы қуат көзін өндіретін инновациялық жобалардың көптеп жүзеге асуына жол ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау облысында 2020 жылға дейін жалпы қуаты 255 МВТ болатын күн және жел электр станцияларының оны іске қосылады. Бұл тұтас бір қала мен 5 ауылды тоқпен қамтуға мүмкіндік бермек. Ең бастысы электр энергиясының тапшылығы жойылып, тариф арзандайды.

ЕХРО-ның аймақтағы алғашқы жобасы алты ай бұрын іске қосылды. Батыр ауылындағы күн электр станциясы қазір 400 отбасыны тоқпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл – еліміздегі баламалы қуат көзін өндіретін ең алғашқы отандық электр станциясы. Себебі құрылысқа тұңғыш рет Қазақстанда жасалған күн панельдері қолданылды. Инвестициялық жобаға 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған.

Марат Үкібаев, мердігер мекеме өкілі:

– Нысан 27 гектар жерді алып тұр. Толық 8550 панель орналасқан. Қуаты – 2 МВТ. Күніне 10 мың, 11 мың КВТ тоқ береді.

Жазы аптап ыстық, ал қысы жылы аймақта күннің радиациясы жоғары. Сондай-ақ желдің жылдамдығы секундына 5-7 метрден асады. Бұл Маңғыстауда жыл бойы күн мен желден қуат алып, электр энергиясын үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. Табиғаттың сыйын тиімді пайдалану мақсатында Түпқараған ауданында үш бірдей жел электр станциясы салынып жатыр. Оның бірі биыл, ал екеуі келер жылы іске қосылады.

Бердібек Қартбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Оның екеуі де инвестордың жеке қаражаты есебінен іске асырылуда. Бірінші жоба 43,6 МВт-тық ЖЭС. Бұлар монтаждық жұмыстарын толық аяқтайды. 1 қыркүйектен бастап тағы 42 мвт ЖЭС салынуда. Бұл жоба да келер жылдың жартыжылдығында аяқталады. Екі жоба іске асқан жағдайда Форт-Шевченко қаласын түгелдей электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, қалған мұнай компанияларына тасымалдауға жеткізуге мүмкіндік болады.

Облыс басшылары арзан әрі адамзатқа зиянсыз және түгесілмейтін баламалы қуат көздерін дамытуға ниетті. 2019 жылы жалпы қуаты 153 МВТ болатын 6 бірдей электр станциясының құрылысы басталмақ. Бейнеу мен Жетібай ауылдарында жел, ал Шетпе, Жармыш және Оңды ауылдарында күн электр станциялары бой көтереді. Аталған жобалар электр энергиясының тапшылығын жойып, тарифтің арзандауына мүмкіндік бермек. Экологиялық қауіп-қатердің алдын алу үшін де жаңартылған энергияны дамытудың маңызы зор.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы