386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Туберкулезді түбегейлі жою мүмкін бе?

  • 570
  • UPD: 11:44, 23.11.2018

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы әлем бойынша 10 млн адам туберкулез дертіне шалдығып, олардың 1,5 млн-нан астамы осы аурудан көз жұмған.

Бұл мәселе жер-жаһандағы сала мамандарын қатты алаңдатып отыр. Сол себепті аталған аурумен күресудің арнайы бағдарламасы жасалып, осы арқылы келешекте туберкулезді түбегейлі жою мақсат етілген.

Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласының тұрғыны 69 жастағы Ерғали Сәбитов осыдан 14 жыл бұрын інісінен туберкулез ауруын жұқтырып алған. Дегенмен екі жыл дегенде дертінен толық айығып, қазір шипажайда профилактикалық ем-шараларын алып жүр. Ал ауруын асқындырып алған бауыры көз жұмған екен. «Сондықтан қария өкпенің сыр бергеніне селқос қарауға болмайды», – дейді. 

Ерғали Сәбитов, зейнеткер:

- Бұларға уақытында келу керек. Қалай ауырып қалады, айнаға түскенде. Сосын ол оңды болады. Адамның отбасы да көмектесуі керек. Ол ауырып қалды деп теріс айналмасын.

Қуантатын жағдай, соңғы жылдары елімізде туберкулезбен ауыру көрсеткіші 2 жарым есеге азайған. Ал одан келетін өлім-жітім деңгейі 5,6 есеге төмендепті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өткен конференция барысында айтылды. Шетелдік мамандардың сөзіне сенсек, Қазақстанның саладағы жетістігі туберкулезді емдеуде тың технологияларды көптеп қолдануымен байланысты.

Эльмира Гурбанова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы:

- Бүгінгі күнге дейін туберкулезді емдеу уақыты кемінде 2 жылға созылатын. Қазір бұл 3 айға дейін қысқарды. Дәрі-дәрмек пен емдеу тәсілдері жиі өзгеріп тұрады. Соған қарамастан қазір Еуразия кеңістігінде Қазақстан мен Латвия жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

Жиында туберкулездің алдын алу және онымен күресудің жолдары қарастырылды. «Алайда бәрі адамның өзіне тікелей байланысты», – дейді дәрігерлер. Сондықтан қарапайым профилактикалық шараларды жасаған абзал. 

Қайрат Жетібаев, Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:

- Осындай проблемалар бар, көптеген ата-аналар осы екпені алудан бас тартуда. Сондықтан біз осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ата-аналармен, басқа да ұйымдармен бірігіп БЦЖ екпесін алуды орнына қоюымыз керек. Флюорографиялық тексерістер бойынша қазіргі көрсеткіштеріміз жаман емес. Бұл жерде де біраз қиыншылықтар бар. Өйткені шет аймақтар, шет ауылдарда халық осы мәселеге атүсті қарайды.

Айта кетейік, Қазақстан қазір туберкулез дертінің таралуы бойынша әлемде 138 елдің ішінде 92-орында тұр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын аталған дертті 10 процентке азайтып, осылайша 2035 жылға қарай кох таяқшасының асқыну көрсеткішін мүлдем болдырмауды міндеттеп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы