389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда 30 шақты үйге жылу реттегіш орнатылған

  • 421
  • UPD: 09:03, 26.11.2018

2012 жылдан бастап елімізде көпқабатты үйлерге жылу есептегіштер қондыру қолға алынған болатын.

Осы арқылы жылу қуатын үнемдеуге, яғни коммуналдық төлемдерге кететін қаржыны қысқартуға болатынына көпшіліктің көзі әбден жетті. Бүгінде Орал қаласында 1100-дей көппәтерлі үйдің 973-інде есептеу құралы тұр. Ал 30 шақты үйге жылу реттегіш те орнатылған.

Қонаев атындағы шағын аудандағы №67 үйге жылу есептегіш орнатылғанына 3 жыл болыпты. Ал былтыр жылу реттегіш те қойылған. Енді арнайы құрал ауа райының өзгерістерін өзі есепке ала отырып, үйге қанша жылу беру керек екенін шешеді. Мәселен, көшеде ауа температурасы -4 болып тұрса, пәтерлерге жіберілетін жылу 70 градусты құрайды.

Райхан Жұмабаева, ПИК қызметкері:

- Есептегіште қанша гекакалория берілгені және қанша тонна су айдалғаны көрсетіледі. Айдың аяғында шыққан сома пәтерлердің аумағына қарай бөлінеді. Егер күн жылы болса, онда көп қаржы үнемделеді. Аязда жалпы тарифке жуықтайды. Мәселен, өткен айда осы үйдің тұрғындары әр шаршы метрге 30 теңгеден төледі. Ал «Жайықжылуқуаттың» тарифі – 142 теңге.

Көпқабатты үйде тек жылу емес, электр қуаты да үнемделеді. Үйдің есік алдына, кіре берісіне жарықдиодты шамдар орнатумен қатар арнайы реле қойылған. Соның арқасында көше шамдары жарықта өзі сөніп, қас қарая қайта қосылса, іштегі шырақтар қимылға жанып-өшеді.

Базарбай Ғиметденов, қала тұрғыны:

- Ауа райына қарай әрі кеткенде 6500-ге шығады. Бұрын 14 мың төлеп жүрдік. Ғылымның дамыған заманы ғой. Күндіз күн барда сөнеді, өзімен-өзі жанады. Тұрғындарға, зейнеткерлерге бюджетімізді үнемдеуге пайдасы зор.

Күні бүгін Орал қаласында 973 көппәтерлі үйге жылу есептегіш құралдары орнатылса, соның 30-ына жылу реттегіштер қойылған. Нәтижесінде тұрғындардың қыруар қаржысы қалтада қалыпты.

Радмир Жасенов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бізде бір ПИК бар, олар үйге үнемдеу жылу құралын 600 мың теңгеге сатып алып, бір жылыту маусымы кезінде 1 миллион 800 мың теңгеге дейін жылу жүйесінен қаражат үнемдеді. Яғни ол нені білдіреді? Егер тұрғындар мен ПИК белсенділік танытып, үнемдеу құралдарын орнатса, үнемділікке қол жеткізуге болады.

Орал қаласында 105 ПИК болса, соның алтауы есептеу құралдарының тиімділігіне көз жеткізіп, белсене пайдаланып жүр. Келешекте өзгелері де үнемді үйлерден үлгі аларына үміт мол.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы