Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 142
388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дос Көшім: Наурыз мейрамын үкіметтік емес ұйым өкілдері ұйымдастыруы керек

  • 613
  • UPD: 22:01, 27.11.2018

Бұдан былай Наурыз, Жаңа жыл мейрамдарына арналған шараларды әкімдіктер емес, үкіметтік емес ұйым өкілдері ұйымдастыруы керек.

Мемлекеттің кейбір әлеуметтік жұмыстарын осы ұйымдарға жүктеген дұрыс.

Бұл – Астанада өткен азаматтық форумда айтылған ұсыныс. Келелі кеңеске тағы қандай мәселелер арқау болды?

«Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім». Форумның тақырыбы осы. Жиында қаузалған мәселе көп. Айталық, біздегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі төмен. Ілкімді іс атқарып жатқандары шамалы. Саны көп, сапасы жоқ.

Елімізде 20 мыңдай үкіметтік емес ұйым бар. Тек бес жарым мыңы ғана белсенді жұмыс істейді. Қалғаны қағаз жүзінде ғана тіркелген. Тағы бір кемшілік, қазақтілді үкіметтік емес ұйымдардың қатары аз.

Дос Көшім, Қазақстанның Азаматтық альянсының вице-президенті:

- Бұл ең қажетті мәселенің біреуі. Себебі, қазіргі нарықтық экономикада міндетті ҮЕҰ жұмысы сапалы болуы үшін қаржылық қолдау керек. Шындығында мемлекет жылдан-жылға гранттық көмекті көбейтіп отыр. Яғни қаржы жағынан билік тарапынан бізге көмек бар. Әңгіме сол қаржыны бөлуге қатысты. Ол жөнінен әлі дұрыстайтын жерлер бар. Мысалы, тендер кезінде кім аз берсе, сол алады. Ондайлар ақшаны аз ұсынады да, тендерді алып кетеді. 

Қайтпек керек? Алдымен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын есептеп отыратын арнайы комиссия құрған жөн. Кейін мемлекеттік орган атқаратын кейбір шаруаларды осы үкіметтік емес сектор өкілдеріне тапсыру қажет. Айталық, бұдан былай мерекелік шараларды  әкімдіктегілер емес, осы ұйымның мүшелері ұйымдастыруы қажет. Мәселен, Наурыз мейрамын.

Дос Көшім, Қазақстанның Азаматтық альянсының вице-президенті:

- Наурыз сияқты мейрамдарды неге қаланың әкімдігі ұйымдастыруы керек? Сол бағытта жұмыс істеп жүрген 3 ұйымды жинап алып, соларға ақша бөл де, соларға бер. Соларға тапсыр. Дәл осындай жұмыстарды көп жасауға болады. Басы бар. Бірақ мемлекеттік органдардың кейбір шаруалары әлі азаматтық қоғамға берілді деп айта алмаймыз.

Үкіметтік емес ұйым өз алдына. Қоғамдық кеңестерге де қамшы басу керек. Белсенді қимылдауы үшін. Қажет болса құрамын қайта жасақтаған жөн. Қазір ел ішінде ұзын саны 3 мыңнан аса мүшесі бар 230-дай қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Бұл құрамның 50 пайызын мемлекеттік қызметкерлер құраса, 50 пайызы қоғам белсенділерінің үлесінде. «Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет өкілдерін аталған кеңестен шығару» қажет деген ұсыныс та айтылды.

Дәурен Бабамұратов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Негізінен қоғамдық кеңес толыққанды қоғам өкілдерінен сайланып, ол жерде мемлекеттік қызметкер болмаса деген ұсыныс бар.

- Неліктен? Қоғамдық кеңестің мүшелігінен мемлекеттік қызметкер, депутаттарды не себепті босатқан жөн?

Дәурен Бабамұратов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Құзырлы органдардың өкілдері қоғамдық кеңестердің мүшесі болатын болса, жемқорлық демей-ақ қояйын, бірақ сыбайлас болуы мүмкін деген алыстан келетін қорқыныш бар.

Сондықтан алдағы көктемде қайта сайланатын қоғамдық кеңес мүшелері тек қоғам белсенділерінен ғана жасақталуы мүмкін. Тағы бір өткір мәселе – бюджеттің ашықтығы. Жасырын емес, бұл тұстың да күнгейі, көлеңкесі бар. 

Шолпан Әйтенова, қоғамдық қор директоры:

- Бюджеттің ашық деңгейі – Шығыс Қазақстан облысы, 100 пайыздан  77 пайыз алып, өте жоғары деңгейді көрсетіп отыр, Қазақстанның басқа облыстары мұндайды көрсетіп отырған жоқ. Енді ашықтықты Павлодар облысы, Қостанай облысы жариялап отыр десек, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы облыстары бюджеттерінің деңгейі төмен деңгейде.

Жиынның тағы бір жаңалығы, алдағы уақытта елде азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған арнайы тұжырымдама қабылданады. Әзірге тек жобасы ғана дайын.

Қош. Биылғы форум жаңа сипатта ұйымдастырылып отыр. Жиын тек семинар, шеберлік сағаттары, пікірталас түрінде емес, министрлік басшыларымен сұрақ-жауап форматында өрбімек.

Мұндай форум екі жылда бір өтеді. Биылғы мәжіліске 850 адам қатысып жатыр. Жиын екі күнге ұласпақ. Ертең Мемлекет басшысының қатысуымен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбында пленарлық отырыс өтеді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Әлібек Әлиев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы