386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда тәртіп сақшысы 10 адамды өрттен құтқарды

  • 341
  • UPD: 22:19, 27.11.2018

Қалалық полиция басқармасы жол-патрульдік взводының кіші сержанты Асхат Еркашев қасындағы сарбаздармен бірге жалын шарпыған үйден 7 бала мен 3 ересек адамды аман-есен алып шықты.

Бұл оқиға өткен аптаның сенбі күні кешкі сағат 9 жарым шамасында болған. «Көктем» мөлтек ауданында кезекшілікте жүрген патрульдік полицей Асхат Еркашев пен оның көмекшілері жақын маңнан жарылысты естиді. Жедел сол жерге жетіп, өрт сөндірушілерге хабарласып, бірден адамдарды құтқаруға кіріседі.

Асхат Еркашев, қалалық полиция басқармасы жол-патрульдік взводының кіші сержанты:

- Менде сол сәтте ешқандай қорқыныш немесе қандай да бір жоспар құрып тұратын уақыт болған жоқ. Бар ойым адамдарды құтқару болды. Себебі, балалардың шыңғырған даусы шығып жатты. Оларды сыртқа шығарып болған соң, үйде екі бірдей газ баллонының жатқанын көрдім. Дереу оларды да далаға алып шықтым.

Асхат: «бұл ісімді ерлікке баламаймын, бұл – біздің қызметтік, тіпті, қала берді адамгершілік міндетіміз», – дейді. Ал үй иелерінің полиция қызметкеріне алғысы шексіз.

Асылтас Дәуренбекова, зардап шеккен отбасының мүшесі:

- Шошып далаға шықтым ғой не болғанын көрейін деп. Сонда полиция қызметкері балаларды далаға алып шығарды. Маған көмектесті. Екі газ баллонды алып шықты. Бәрі солай болды.

Тілсіз жаудың құрбаны болған баспана – ескі екі пәтерлі үй. Өрт пештің жарылуынан пайда болған екен. Ал зардап шеккен отбасылар қазір туыстарын паналап жүр.

Клара Мазбаева, зардап шеккен отбасылардың туысы:

- Олардың барлық заттары жанып кетті. Жиһаз, киім-кешектен ештеңе қалмады. Сондықтан халық көмектессе дейміз. Екі отбасының балалары мектеп жасында. Ең бастысы, баспана мәселесі шешілсе жақсы болар еді.

Ал жанып жатқан үйден адамдарды аман алып шыққан 25 жастағы кіші сержантты облыстық Полиция департаменті мемлекеттік наградаға ұсыныпты. Бұл ұсынысты зардап шеккен отбасылар да, қала тұрғындары да қолдап отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы