379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


70-тен асқан талдықорғандық зейнеткер жерлестерін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

  • 334
  • UPD: 22:23, 02.12.2018

Отандық тауар өндірушілердің алдында үлкен міндеттер тұр.

Нарыққа өз өнімдерімізді ұсынып, жергілікті кәсіпорындардың тынысын кеңейту керек. Сонда ғана жұмыс орындары көбейіп, еліміздің экономикалық тәуелсіздігі нығая түседі. Жеңіл өнеркәсіп саласының ардагері, тігін фабрикасының басшысы Хамидолла Ержановтың пікірі осындай. Бүгінде тігін фабрикасы – Қазақстандағы ауқымды тауар өндірушілердің бірі.

Хамидолла Ержановтың тігін фабрикасын басқарып келе жатқанына 40 жылға жуықтады. «Байырғы кәсіпорынды басқару оңай емес, жауапкершілігі одан да көп», – дейді ол. Қабырғалар алғашқы сталиндік бесжылдықтар мен майданға жіберілген жылы киімдерді еске түсіреді. Дегенмен фабрика үшін ең қиын уақыт тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Елдегі 25 тігін және тоқыма кәсіпорнының бірен-сараны ғана өтпелі кезеңнің сынақтарына шыдаған. Соның бірі – Талдықорғандағы фабрика. «Бұл Хамидолла Ержановтың – еңбегі. Әйтпесе талай қиындықты көрдік. Қала сыртына бау-бақша егіп, өнімдерін бөліп алатынбыз, артығын сататынбыз», – деп еске алады мұндағы көнекөз тігіншілер.

Гөзәл Тұрдиева, тігінші:

– Екінші әкеміз сияқты жақсы көреміз. Ол кісі бізді жұмыспен қамтамасыз етуге тырысады, жұмыссыз қалдырмайды. Барлық жағдайымызды жасап отыр.

Бүгінде фабрика қалыпты жұмыс істейді. Жыл сайынғы өнімдерінің көлемі 1 миллиард теңгеден асады. Негізінен күштік құрылымдардың киімдерін тігеді. Енді мұнайгаз, энергетика мен байланыс саласының қызметшілеріне арналған киімдер тігуді қолға алмақ. «Демек фабриканың қаржылық жағдайын бұрынғыдан да жақсартып, ұжымдағылардың айлық жалақыларын көбейтуге мүмкіндіктер молая түседі», – дейді Хамидолла Ержанов

Хамидолла Ержанов, тігін фабрикасының басшысы:

– Соңғы 5 жылдың ішінде жалақыны 85 процентке көтердік. Ол орташа алғанда, жылына – 17 процент. Келесі жылдан бастап 10 проценттің шамасында көтереміз.

Хамидолла Ержановтың ұжымында 180 адам еңбек етеді. Жақында Үштөбе мен Текелі қалаларынан фабриканың филиалдарын ашып, 50 маманды жұмыспен қамтамасыз етті. Өзі жетпістің жетеуіне келсе де, ширақ, жұмысқа ынталы. Ол тігін фабрикасының өсіп-өркендеп,  тұтынушыларға отандық тауар ұсынуды көбейте беретініне сенімді. «Жеңіл өнеркәсіп жеңіл-желпі қарайтын сала емес. Сондықтан оны дамыту үшін мемлекет оған қажетті жағдайларды жасап жатыр, біз сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек», – дейді еңбек ардагері.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы