378,62 431.00 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы азық-түлік жәрмеңкелері бағаны тұрақтандыруға септігін тигізді

  • 653
  • UPD: 22:46, 02.12.2018

Биыл Атырау облысының тұрақтандыру қорына 1,5 мың тоннадан астам көкөніс және халыққа аса қажетті деген азық-түлік тауарлары жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші желтоқсаннан бастап сауда орталықтары мен дүкен сөрелеріне шығарылған бұл өнімдер өңірдегі баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Алдағы мерекелер қарсаңында қордағы осы тауарлар азық-түлік бағасының шамадан тыс қымбаттап кетпеуіне септігін тигізеді.

Картоп, қырыққабат және сәбіз бен қызылша, пияз – 80 теңгеден. Алма мен қызанақ – 240-250 теңге. Бұл – «Сарайшық» коммуналдық базарындағы бағалар. Негізінен жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге басымдық берілетіндіктен, бұл сауда орталығында баға тұрақты.

Ерболат Дәулетқазиев, қала тұрғыны:

– Түгелдей бір-екі жұмаға алып кетеміз. Мұндай жәрмеңкеге әрине қуаныштымыз. «Сарайшық» коммуналдық базары секілді сауда орталықтары «Балықшы», «Привокзальный» мөлтек аудандарда ашылса дейміз. Ол халыққа жақсы.

Жергілікті тауар өндірушілерге орын тегін берілетіндіктен, тауар бағасы да арзан. Бүгін бұл сауда орталығына 25 жергілікті шаруа қожалығы өз өнімдерін шығарды. Облыс орталығындағы басқа базарлардағы баға саясаты да атқаруші биліктің жіті назарында.

Дмитрий Дю, «Атырау» ӘКК департамент директоры:

– Бүгінгі күнге облыс тұрғындарына керекті азық-түлік көлемі толығымен жеткізілді. Бір жылға бір адамға 95 келі қажеттілік кетеді. Жалпы бағасы нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен болады.

Қазір облыстың тұрақтандыру қорында 1534 тонна картоп және көкөніс сақтаулы тұр. Оған қоса халық бірінші кезекте тұтынатын ұн, қант, өсімдік майы секілді 19 түрлі түрлі азық-түлік қоры жиналған. Қазір өңірдегі барлық сауда орны мен базарларда баға мониторингі өткізіліп жатыр.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы