383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балқашта жаңа жатақхана пайдалануға беріледі

  • 574
  • UPD: 11:23, 04.12.2018

Қарағанды облысының Балқаш қаласында жыл соңына дейін жаңа жатақхана тапсырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл осындай тағы бір нысанның құрылысы 2019 жылы Қарқаралы ауданында басталмақ. Осылайша өңірдегі колледж студенттері тұрақжаймен толық қамтылатын болады. Алайда жоғары оқу орнында оқитын жастардың мәселесі әлі шешілген жоқ. Бүгінгі күні өңірде 1 мың 500-ге жуық адам жатақханаға мұқтаж. Жер бөлінген, бірақ құрылысты қолға алатын қалталы кәсіпкер табылмай тұр. Ал Шымкент қаласында керісінше, инвестор бар. Қазір жер бөлініп, құжаттар рәсімделуде. Мұнда студенттердің жайлы тұрмысы үшін тұтас кампус салынбақ.

Абай ауданындағы көпсалалы колледжге 50 жылдан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат іші толық жаңартылды. Соның нәтижесінде 180 студент жатақханамен қамтылды. Мұнда күнделікті тұрмысқа қажеттінің бәрі бар.

Айдын Керімбай, Абай көпсалалы колледжінің студенті:

– Жаңа төсек-орындар, жаңа шкафтар, барлығы жаңадан салынып, көп нәрсе өзгерді. Бізге ұнап жатыр. Интернет желісі қосылған. Теледидарлар да бар.

Қазір Қарағанды облысындағы 73 колледжде 27 жатақхана бар. Онда 2600 адам тұрып жатыр. Алайда кезекте тұрған студенттердің саны әлі де 400-ден асады. Олар тұрақжаймен тек келесі жылы қамтылмақ.

Гүлбақыт Жүнісова, Қарағанды облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Балқаш қаласында желтоқсанның аяғында 300 орынға арналған жатақхана іске қосылады. Сонымен қатар 2019 жылдан бастап Қарқаралы қаласында колледждің жанынан 100 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр. Егер осы шараларды іске асыратын болсақ, онда бізде жалпы жатақханаға мұқтаждықты толығымен жабамыз деген жоспарымыз бар.

Колледждегі жағдай шешілгенмен, өңірдегі 9 жоғарғы оқу орынында бұл мәселе өткір тұр. 1500 адам жатақханаға мұқтаж. Мамандардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда облыста бірде-бір жатақхана салынбаған. Жер телімдері бар, бірақ жұмысты қолға алатын қалталы кәсіпкер жоқ.

Ал Шымкент қаласында студенттердің жайлы тұрмысы үшін жалғыз жатақхана емес, тұтас кампус салынатын болды. Бүгінде құрылысты қолға алатын оңтүстіккореялық инвестормен келісімшарт жасалған. Жері де бөлініпті. Қазір жобалық-сметалық құжаттары реттеліп жатыр.

Дария Қожамжарова, М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры:

– 500 орындық жатақхана және оған қоса біз жалпы студенттердің демалыс орындары, олардың спортқа қатысатын фитнес орталықтары, тамақтану орталықтары, жаңа сарпындағы инновациялық кітапхана және сауықтыру орталығын кампус ретінде салуды көздеп отырмыз.

Бұған қоса, алдағы жылдары Шымкент қаласында 500 және 200 адамға арналған екі бірдей жатақхананың құрылысы басталмақ. Қазір шаһарда 8 мың студент кезекте тұр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Нұрбек Байбосын және Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы