383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық 2,5 мың оқушы үш ауысыммен білім алады

  • 377
  • UPD: 15:30, 05.12.2018

Маңғыстау облысындағы алты мектепте 2 мың 415 оқушы үш ауысыммен білім алады.

Осы мәселені шешу үшін келер жылы аймақта жаңадан екі орта білім беру кешені салынады. Сондай-ақ қолданыстағы екі мектепке қосымша ғимарат жалғанады. Осылайша 2 мың 200 оқушы екі ауысымға көшіріледі. Жаңа жобаларды жүзеге асыруға 3 млрд 900 млн теңге қажет. Бүгінде ұсыныстар тиісті министрлікке жолданған.

Басқұдық ауылдық округіндегі 900 орындық мектепте 3 мыңдай оқушы үш ауысымда оқиды. Тағы 2 мың бала Маңғыстау ауылына автобуспен тасымалданып келді. Биыл 600 орындық жаңа мектеп ашылып, бұлардың басым бөлігі сонда орналастырылды. Десек те біразы әлі де барып-келіп оқып жүр. Даярлық сыныптарына келер болсақ, олардың да жағдайы мәз емес, 260 бүлдіршін жалға алынған кешенде білім алып жүр. Осы олқылық қолданыстағы мектепке қосымша 320 орындық ғимарат жалғаумен шешілмек.      

Сәбит Садықов, Басқұдық ауылдық мектебі директорының орынбасары:

- Алдағы оқу жылында бізге қолданысқа берілетін болса, онда біздің қиындықтарымызды жеңілдетеді. Себебі, келесі жылы да осынша бала болады, олар қайда барады деген сұрақ тұр. Ал 320 орындық қосымша ғимарат бізге келетін балаларымыздың мәселесін шешеді деп ойлаймын.

Өңірлік білім басқармасы жоспарлаған жаңа мектептер 2019 жылы Мұнайлы мен Түпқараған аудандарында бой көтереді. Сондай-ақ Ақтауға іргелес қонған екі елді мекендегі білім беру кешендеріне қосымша нысан жалғанады.

Нұрлыбек Қойжанов, облыстық білім басқармасы басшысының м.а.:

- Батыр селосында Мұнайлы ауданындағы 960 орынға бір мектеп саламыз. Ақшұқыр ауылында Түпқараған ауданында орналасқан 600 орынға саламыз. Одан қалса Басқұдық және Ақтөбе селоларында орналасқан мектептердің жанынан әрқайсысы 320 орындық қосымша құрылыстар салынатын болады.

Үш ауысымда білім беру мәселесі Ақтауда да бар. Мәселен, 29-шағын аудандағы орта мектепте 500-ге жуық бала үш ауысымда білім алады. Бұған қала шетінде жаңадан шағын аудандар бой көтеруі себеп. Осы орайда шаһар басшылығы келешекте 6 мектеп салуды күн тәртібіне қойып отыр. 

Қазіргі таңда өңірлік білім басқармасы Ақтау қаласы әкімдігімен бірлесе 6 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға кіріскен. Келер жылы 34-шағын ауданда 900 орындық, сондай-ақ 17-ші және 31-шағын аудандарда 1200 орындық мектеп салу бойынша жобалар республикалық бюджетке ұсынылады.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы