389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жазасын өтеушілер абақтыдағы азап туралы жиі шағымданады

  • 941
  • UPD: 09:19, 07.12.2018
Елімізде жазасын өтеушілер абақтыдағы азап туралы жиі шағымданады

Омбудсмен Асқар Шәкіров қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесі бойынша Жоғарғы сотқа ақпарат жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сәйкес, Омбудсмен мекемесі жеке және заңды тұлғалардың мың жарымға жуық өтінішін қараған. Хаттардың басым бөлігі Астана, Алматы, Қарағанды және Қостанай қалаларынан жолданған.

Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Юлия 2008 жылы есірткі заттарын қолдану, сақтау және тасымалдау қылмысы бойынша 10 жылға сотталып, осы жылдың наурыз айында мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Жазасының алғашқы 4 жылын Қостанай облысында, қалған уақытын Петропавлда өтеген ол өткен жазда Бас прокуратураға түрме әкімшілігі тарапынан азап көргені туралы шағым түсірген.

Юлия Онуфриец, шағымданушы:

– Бас прокуратура шағымымды Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының қарауына жолдады. Соңғылары «ІІМ-нің ішкі бұйрығына сәйкес, барлық іс-әрекет заң аясында орындалды» деген жауап берілді. «Ұрып-соғу да заң аясында бола ма?» деп жағамды ұстаудан басқа амал таппадым. Кейін жазасын өтеушілердің құқықтарын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар туралы біле бастадым.

Пенитенциярлық мекемелерде жазасын өтеушілерді жасырын түрде азаптау да белең алып барады. «Мәселен, түрме қызметкерлері абақтыдағы сотталушыларды бір-біріне араңдатуды әдетке айналдырып, «сүттен ақ, судан таза» болып отыр», – дейді Халықаралық түрме реформасы ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбилов.

Азаптау, қорлауды қарайтын болсақ, ІІМ полиция қызметімен салыстырғанда, бас бостандығынан айыру мекемелерінде көбейіп отыр. Оның көбею себептерінің бірі – яғни сол бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі режимнің қатты нығайып өзгеруі, ол жердегі адамдардың заңда жазылған құқықтарының шектелуі, министрлікті өзінің ішкі бұйрығы деген бар. Сол ішкі бұйрығы арқылы өзгерістер енгізуі. Яғни заңды ішкі бұйрық арқылы орындау – ол заңды тікелей бұзу.

2017-2018 жылдар аралығында үкіметтік емес ұйымдарға құқық бұзушылықтар туралы 2 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Оның шамамен 25 проценті тәртіп сақшылардың қызметіне, 23,6 проценті сот шешімдеріне, 13 проценті пенитенциярлық яғни қылмыстық атқару жүйесіне, 12 процентке жуығы азаптау мен қатыгездік бойынша және 10,6 проценті баспана мәселесі мен еңбекпен қамту саласына бағытталған.

Динара Оспанова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басқарма басшысы:

– Жыл сайын адам құқықтары жөніндегі уәкілге 1500 шағым түседі. Сол себепті бүгін адам құқықтары жөніндегі уәкіл Жоғарғы сот төрағасына өз шағымын жолдаған болатын. Ол шағымдарда сот саласында, тергеу кездерінде, процессуалдық бұзушылық жөнінде мәселелер көтерілген.

Осылайша, қоғам белсенділері жазасын өтеушілерге арналған жүйені тұтастай өзгерту қажет дегенді алға тартып отыр. Осыған байланысты, үкіметтік емес ұйым өкілдері Президент әкімшілігіне, Үкімет пен Парламент қарауына жазасын өтеушілердің құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қамтитын ұсыныстарын жібергелі отыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы