384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 60-тан астам жылқы мен сиырды қолды еткен қылмыстық топ ұсталды

  • 619
Түркістан облысында 60-тан астам жылқы мен сиырды қолды еткен қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады.

Төрт адамнан құралған барымташылар Ордабасы, Қазығұрт және Арыс аудандарының аймағын торуылдап, малды үптеп отырған. Олардың екеуі – бұрын сотты болғандар. Тергеу барысында ұсталғандардың Арыс ауданының тұрғындары екені және олардың 21 ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Ұрылар 60-тан астам жылқы мен сиырды қолды еткен. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі – 8 миллион теңге. Күдіктілер өрісте жүрген малды күндіз сыртынан бақылап, түнгі уақытта айдап әкетіп отырған. Ұрланған малды бөлшектеп, облыс аумағындағы базарларға өткізген. Қазір сатып алушы саудагерлер де ұсталды. Полиция қылмыстық топты Ордабасы ауданының Бадам ауылына жасаған кезекті рейдтік іс-шара кезінде қолға түсірді. Күдіктілер жанармай бекеті маңында жайылып жүрген үш жылқыны ұрламақ болған кезде ұсталған.

Бекарыс Сұлтанов, Ордабасы ауданы ІІБ бастығының бірінші орынбасары:

– Қазіргі уақытта ұсталған күдікті азаматтардың екеуі қамауға алынды. Бұл азаматтарды тергеп, тексеру барысында 20-дан астам дәйектер анықталып, қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы