384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғарғы сот азаматтарды жеке қабылдаудың жаңа тәртібін іске қосты

  • 895
  • UPD: 17:28, 07.12.2018
Жоғарғы сот азаматтарды жеке қабылдаудың жаңа тәртібін іске қосты

Соттардың қызметін қамтамасыз ету бойынша департамент басшысы Нұрсерік Шәріпов БАҚ өкілдері үшін Жоғарғы сотта азаматтарды жеке қабылдаудың жаңа тәртібін таныстырды.

Н.Шәріпов жаңа жүйені таныстыра келе, егер бұрын азаматтарды қабылдау айына бір рет жүргізілсе, енді ол демалыс және мереке күндерін қоспағанда, күн сайын жүзеге асырылатындығын атап өтті. Қабылдауды жүргізетін тұлғалардың саны артты. Жоғарғы сот судьялары күн сайын, Жоғарғы сот төрағасының хатшылығы – апта сайын, ал қалғандары айына бір рет қабылдайды.

Әрбір лауазымды тұлғаның қабылдау ерекшелігі айқындалды. Жоғарғы сот төрағасы – ұсынымдарды енгізу мәселелері, Жоғарғы сот алқаларының төрағалары мен судьялары – заң бойынша кассацияда қарауға жатпайтын және кассацияға беруден бас тартылған істер, Хатшылық меңгерушісі, Жоғарғы сот төрағасының кеңесшілері – кассациямен келіспеу мәселелері, Сот жюриінің және Судья әдебі жөніндегі комиссия өкілдері – судьялардың іс-әрекеттеріне, әдебіне шағымдар, Департамент басшысы – сот қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне, әдебіне және олардың жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты келіп түскен шағымдар бойынша қабылдайды.

Жоғарғы сот төрағасының жеке қабылдауында болу үшін бірінші кезекте Жоғарғы соттың алқа төрағаларының немесе судьяларының, сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасы хатшылығы қызметкерлерінің қабылдауынан өту қажет.

Қабылдау алдын ала жазылу бойынша өткізіледі.

Өтініш берудің қалыптасқан тәсілдерінен (почта/қолма-қол) бөлек, азаматтар бұдан былай Жоғарғы Соттың сайты (www.gov.sud.kz) арқылы да жазыла алады. Азамат өтінішінде жеке деректерімен қоса, мәселенің мәнін, төмен тұрған соттардағы істердің нөмірін, қабылдауға қатысудың өзіне ыңғайлы форматын (өңірлік сотқа келіп, бейнебайланыс немесе Жоғарғы соттағы жеке қабылдау арқылы) көрсетуі тиіс.

Егер де азаматтың мәселесі қабылдауда қарауға жатпайтын болса, бұл туралы сайтта автоматты түрде тиісті түсіндірме беріледі. Жоғарғы сот сайтында қабылдауға жазылу туралы өтініш бланкісін жүктеп алып, оны толтырғаннан кейін почта арқылы жіберуге де болады.

Қабылдау күн сайын сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін (13.00-ден 14.30-ға дейін үзіліс) жүзеге асырылады. Осылайша, бір күн ішінде 30 адамға дейін қабылдануы мүмкін.

Ақпарат көзі: Жоғары соттың баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы