389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Қасымов құқық қорғау саласын дамытудың жол картасын таныстырды

  • 1249
  • UPD: 21:57, 07.12.2018

Елімізде тағы төрт түрме жабылады. Оларға бөлінген қаражат полицейлердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов құқық қорғау қызметін одан әрі жаңғыртуға арналған Парламенттік тыңдауда хабарлады.

Министр саланы дамытудың 2021 жылға дейінгі жол картасын таныстырып, ішкі істер саласын күтіп тұрған реформаларды тәптіштеп түсіндірді. 

Құқық қорғау қызметіне өзгеріс керек екені талайдан бері айтылып келеді. Бүгін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жаңғыртудың алғашқы жаңалықтарын жария етті. Енді еліміздегі еңбекпен түзеу мекемелерімен бірге полицейлердің де саны қысқарады. Министр ішкі істер саласындағы штат санын 10 пайызға азайтуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Яғни, елімізде қоғамдық тәртіпке жауапты 450 маман қызметімен қош айтысады. Қасымов негізінен басқарушы аппараттағы шенділер шекпенін шешетінін атап өтті.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- БҰҰ-ның ұсынуы бойынша 100 мың адамға 300 полиция қызметкері керек. Қазір бізде 100 мың адамға шаққанда 471 полиция бар. Біз 10 пайызға қысқарту арқылы бұл көрсеткішті 424 полицейге азайтып, Еуропа нормаларына жақындаймыз. Осы жұмыс аясында басқару шеніндегі артық қызметкерлерді азайтамыз.  Тергеушілер, учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдерді қысқартпаймыз.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бізге осыншалық аз адам елдегі ішкі қоғамдық тәртіпті қадағалауға жете ме? Мысалы, бай-қуатты Швейцарияда Шығыс Еуропа елдерінен ағылған миграцияның әсерінен түрлі қылмыстар көбейіп кетті. Бұл жағдай осыдан бес жыл бұрын болды. Қазақстан геосаяси жағдайға байланысты тәуекелді аймаққа жататынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан бізге бұл сандарға мұқият қарағанымыз дұрыс.       

Ішкі істер саласындағы оңтайландыру 16 млрд теңгені үнемдеуге жол ашады. Бұл қаржы полицейлердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Шенді қызметкерлердің еңбекақысы 20-дан 65 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар, бірнеше мәрте ұрлық жасаған адамдардың ісі ауыр қылмыс түріне ауыстырылды. Қазір бұл ұсыныстар Парламент қарауындағы заң жобасында ескерілген. 

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Қылмыскер бірнеше мәрте ұрлық жасаса да бостандықта жүре береді. Себебі ымыраға келіп отырады. Енді бірнеше рет жасалған ұрлық, алаяқтық, өзгенің мүлкіне қол сұғу ауыр қылмыс түріне жатады. Бұл істерде ымыраға келу деген болмайды.

Ішкі істер саласындағы мұндай өзгерістерге Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірді. Сенат төрағасы аталған жаңалықтар қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді арттырып, Қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс деді.

Авторлары: Сәбина Торғаева, Әліби Жүніс

Хабар 24 телеарнасы