388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында «7-20-25» бағдарламасымен 200 отбасы пәтер алды

  • 1339
  • UPD: 13:52, 10.12.2018

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда Маңғыстау облысы Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші орында тұр.

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасына сәйкес қабылданған бағдарлама аясында 4 айдың ішінде 400 тұрғыннан өтінім түскен. Оның 60 пайызы баспанаға қол жеткізді. Екінші деңгейлі банктер арқылы 2 миллиард теңгеге 205 өтінім мақұлданды.

Ақтау қаласының тұрғыны Мәди Омаров үшін биылғы жыл табысты болды. Тамыз айында шаңырақ көтерген ол жақында баспанаға қол жеткізді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа шағын аудандағы зәулім үйден 1 бөлмелі пәтер сатып алды. Жас отбасы жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтап, Жаңа жылды жалдап жүрген пәтерде емес, өз үйлерінде қарсы алуды жоспарлауда.

Мәди Омаров, «7-20-25» бағдарламасына қатысушы:

– 25 жылға алдым. Өте тиімді. Айына 40 мыңнан төлеймін. 1,5-2 аптаның ішінде үйдің кілтін қолыма алдым.

«7-20-25» бағдарламасы қабылданғалы бері аймақта 205 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Қазір тағы осыншама тұрғынның өтінімі екінші деңгейлі банктерде қаралып жатыр. Аталған бағдарлама аясында үй алғысы келетіндер үшін Ақтауда жаңадан бой көтерген шағынаудандарда 24 тұрғын үй салынып жатыр.

Имаммахмұт Шағырбаев, облыстық құрылыс және сәулет басқармасы бөлім басшысының м.а:

– Жыл соңына дейін 1500-дей пәтер қолданысқа беріледі деп күтілуде. Ең үлкені – тұрғын үй кешені. Одан бөлек, 17 шағын ауданда Айрақты-2 тұрғынүй кешені бар. Оның да құрылысы 10-20 күнде аяқталады деп күтілуде. Сол тұрғын үйлерден біздің тұрғындарымыз осы бағдарлама арқылы пәтер ала алады.

Аймақ басшылары келер жылы бағдарламаға қатысушылар төлейтін алғашқы жарнаның 10 пайызын субсидиялауды жоспарлап отыр. Бұл тағы да жүздеген отбасының баспаналы болуына мүмкіндік бермек.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы